«Халық қатысатын бюджет» Биыл жобаға бөлінген қаржы үш есеге көбейген

Қысқаша

«Халық қатысатын бюджет» Биыл жобаға бөлінген қаржы үш есеге көбейген

Screenshot_6.jpg

Биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес үшінші мегаполис басшысы  тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізген-ді. Онда тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы күтілуде. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді шешім қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген.

Сонымен қатар, әрбір ауданнан Қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын жоспардың орындалуын талқылап отырды. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда.

Осы орайда қала әкімі М.Әйтенов Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, 6 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, жоспарларды баяндады. Шаһар басшысының айтуынша  ауданда ауыз сумен қамту үшін 8 нысанның, кәріз жүйесінде – 19, электрмен жабдықтауда – 16, газдандыруда - 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде ауыз сумен қамту деңгейі – 99%, кәрізбен қамту – 60%, электрмен қамту – 99%, табиғи газбен қамту – 94,7% жететін болады. 

Жиында аудан әкімі  Д.Есілбек атқарылып жатқан жұмыс барысын  баяндады. Оның айтуынша  Еңбекші ауданында 35 елдімекен, яғни тұрғындардың 94,4 пайызы ауыз сумен қамтылған. 2022-2023 жылдары қамту көрсеткішін 98 пайызға жеткізу мақсатында биыл 6 елдімекенде (Қарабастау, Қаратөбе, Жұлдыз, Жыланбұзған, Айнатас, Тоғыс) құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталады. 

Кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 59 пайызға жеткізу үшін  Мирас, Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік Шығыс шағын аудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жыл соңына дейін аяқталады. Ал Жұлдыз тұрғын алабында құрылыс биыл басталып, келер жылы қолданысқа берілмек. 

Ауданды электр желісімен қамту келер жылы толығымен жүзеге асады. Осы мақсатта Абдулабад, Тоғыс, Тұрдыабад, Маятас, Оңтүстік, Айнатас елдімекендерінің жаңа құрылыс аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Ал аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткішін бұл жылы 90,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Тоғыс, Елтай, Оңтүстік, Жыланбұзған, Қарабастау елдімекендеріне газ жүйесін тарту үшін ЖСҚ әзірленуде. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталмақ. 

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өткен жылы 18 көше жарықтандырылған болса, бұл жылы 34 көше жоспарда тұр деген аудан әкімі  жол мәселесіне де тоқталды. 

Еңбекші ауданындағы 702 көшенің 15-і магистралдық, 596-сы ішкі орамдық көшелер. Оның ішінде 437 көше асфальт, 158-і тас жол, 16-сы топырақ жол. Өткен жылы 57 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 132 көше жөнделеді. 

2025 жылға дейін ұзындығы 200 шақырымды құрайтын 174 көше орташа жөндеуден өтеді. Осы жылы сапалы жолмен қамту көрсеткіші 76 пайызға жетпек. 

Ал көлік кептелісін азайтып, жолдардың сапасын жақсарту мақсатында, 352 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары, 2 жолайрық құрылысы жүргізілуде. 2025 жылға дейін 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 2022 жылы 64,7 пайыздан 2025 жылы 79 пайызға жетеді деп күтілуде. 

-Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында 102 көшеге жарық тарту жұмыстары аяқталып, жарықтандыру деңгейі 43 пайыздан 57 пайызға жетеді,- деген аудан басшысы тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда екенін тілге тиек етті. 

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қосымша бір мыңға жуық бейнебақылау камераларын (2021 ж. – 3 177 камера), заманауи 9 мобильді полиция бекеті орнатылып жатыр. Нәтижесінде 6 айда жалпы қылмыстардың саны 18,8 пайызға азайды»,- дейді Досбол Күздікбайұлы.

Өткен жылы интернет сапасы төмен Абдулабад елдімекеніне базалық станция орнатылды. Биыл 10 мыңнан аса тұрғыны бар Елтай мен Тоғыс тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылады.  Оптикалық интернет желімен қамту: қаладан шалғай орналасқан Мирас және Қарабастау елдімекендеріне талшықты оптика желісі жүргізіледі. 2025 жылға дейін қосымша тағы шалғайдағы 8 елдімекенге оптикалық желі тартылмақ.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі  мегаполис болғалы қала бюджеті 4 есеге артқанын мәлімдеді.  «Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы жақсы тәжірибеге айналды. Өткен жылы 55 жобаға 1,2 млрд.теңге іске асыруға 3,9 млрд.теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артты»,- деді М.Дүйсенбекұлы. 

Кездесу соңында мегаполис  басшысы тұрғындар сауалдарына жауап берді, сұрақтар хаттамаға енгізілді.