Ең өзекті мәселе - инфрақұрылым

Қысқаша

Ең өзекті мәселе - инфрақұрылым

Screenshot_5.jpg

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Қаратау ауданы тұрғындарына 6 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, мәселелерін тыңдады. Есепті кездесуге зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты. 

 «Тұрғындардың ең көп көтеретін мәселесі- инфрақұрылым. Даму жоспарына сәйкес, бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. 2023 жылы ауыз су, 2025 жылы электр жарығы, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары толық шешімін табады. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетпек», - деді қала әкімі.

Қаратау ауданында 265 мыңнан аса тұрғын қоныстанған. Аудан әкімі Р.Мүлкеманов халық саны жыл сайын 15-20 мыңға артып жатқанын атап өтті. Қалада жалпы құрылыс жұмыстарының 50 пайыздан астамы Қаратау ауданында жүргізілуде. 

Айталық ауданда 2023 жылы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта биыл Нұртас су жинақтағыш магистралды құбырының құрылысы аяқталмақ. Ал Қайнарбұлақ және Асар-2 елдімекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға берілсе, Достық пен Асар-2 тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. Тассай шағын ауданында құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, 2023 жылы аяқталады дейді мамандар. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ. 

Сонымен қатар биыл  табиғи газбен қамту көрсеткіші 90 пайызға жетеді. Бұл мақсатта Тұран, Тассай, Нұртас, Қайнарбұлақ, Асар-2 елдімекендерінде құрылыс жұмыстары басталмақ. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. Тағы Мирас, Ақжайық, Тұран ішкі магистралы, Асар-2, Тассай, Достық елдімекендерінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Асар-2, Тассай, Достықта жұмыстар алдағы жылы аяқталады.  Ағымдағы  жылы 39 көше жарықтандырылмақ.  

Аудан әкімінің айтуынша Қаратау ауданында 2021 жылға қарағанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 10 есеге артқан. Өткен жылы 5 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биылғы жылы 26 үй ауласы жаңарып, ирригациялық арықтар салу бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ. 

Айта өтсек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.

Жиында сондай-ақ аудан әкімі  негізгі көрсеткіштерді атап, жоспарлармен таныстырды. Қаратау ауданында 12 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. 

Оның бірі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы – 23 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 1500 жұмыс орнын құрумен 21 жоба іске аспақ. 

Екіншісі – «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені - 11 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 369 жұмыс орнын құрумен 14 жоба жүзеге асады. 

"Ашық диалог" форматында өткен кездесу барысында қала әкімі тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарлармен таныстырды. Көтерілген проблемалық мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітілетінін түсіндіріп өтті.

Бірінші жартыжылдықта Қаратау ауданы тұрғындарымен 63 кездесу өтіп, онда 328 мәселе көтерілген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 139 мәселе шешілген, 189 орындалуда. Оның ішінде 71 мәселе алдағы екі жыл көлемінде шешімін табады. Шешімін тапқан әрбір мәселе Қоғамдық бақылау кеңесімен расталып отырды. 

266 мыңнан аса халқы бар ауданда шешілмеген түйткілді мәселелердің әлі де көп екеніне тоқталған М.Әйтенов, жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.