Көрме орталығы қайта ашылды

Қысқаша

Көрме орталығы қайта ашылды

Screenshot_4.jpg

Жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы» кезінде  Шымкенттегі Көрме орталығының ғимараты зардап шеккендіктен, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Міне жақында  Көрме орталығы қайта ашылып, биылдыққа алғашқы іс-шарасын өткізді.

 Мәдениет саласының ардагері К.Айдарбекова мен Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы А.Насыр салтанатты түрде ғимараттың лентасын қиып, жиылған көпшілік «Әжелер ансамблінің» шашуымен нысанның ішіне енді. 

«Шымкент өркениеті» салтанатты жиынының аясында роботтар көрмесі ұйымдастырылып, оның бастамашысы Д.Фалин, «Көрме орталығының» директоры З.Қарабекова құттықтау сөз сөйледі.

— Біз еліміздегі жаңа технология мен робот құрастыру саласын танытуға атсалысып келеміз. Өскелең ұрпақтың инженерлік мамандықтарға, ғылымға деген қызығушылығын оятып, өнертапқыштық қасиетін дамытсақ дейміз. Ал, осындай жұмысты халыққа паш етуде «Көрме орталығының» орны ерекше. Қайта жанданып, көрермендердің жиналып жатқанына қуаныштымыз, - деді Д.Фалин. 

Келушілердің басым бөлігі  200-ден астам бет әлпеті бар SociBot роботына таң қалды. Британдық жасаушылар бұл роботты арнайы театр қойылымдарына дайындаған. Сонымен қатар қонақтар Promobot v4 роботы - Виталиймен сөйлеседі. Бұл роботтың модельдерін университеттерде оқытады. Олар медициналық орталықтарда жұмыс істейді және американдық телеарналарда ауа-райы болжамын оқиды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме 21 шілдеден 11 қыркүйекке дейін жалғасады. Көрермендер Лас-Вегас, Берлин, Пекин және Токиодағыдай роботтың 85 түрімен танысып, 7 виртуалды шындық технологиясы мен 4 техношоуды тамашалай алады. Сондай-ақ, робототехника бойынша мамандардың кеңесін алып, шеберлік сағаттарына қатыса алады.

"Роботтар фестивалінде" сіз виртуалды және толықтырылған шындықтың 6 жаңа аймағынан өтіп, өз қолыңызбен боялған балықты виртуалды аквариумға жібере аласыз. Сонымен қатар, Байқоңырдан ғарыштық саяхатқа шығып немесе лазерлік лабиринттен өтіп, өзіңізді нағыз супер-агент рөлінде сынап көре аласыз."Фестивальде" Android-ты роботтардың отбасымен  роботтардың үлкен циркі ұсынылды. Мұндағы туындылардың арасында Гиннестің рекордтар кітабына енгендері де бар.

"Роботтар фестивалі" осы уақытқа дейін, Милан, Прага, Афина, Минск, Санкт-Петербург, Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа да әлемдік астаналардың тұрғындарын таң қалдырды. Ендігі кезек Шымкент қаласының тұрғындарына арналады дейді,-ұйымдастырушылар.

 Көрмені тамашалаймын деген 14-21 жас аралығындағы жастарға әр сейсенбі сайын, ал әр сәрсенбіде зейнеткерлерге арнайы жеңілдік қарастырылған. 

Шарада Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілері мерекенің сәнін келтірді.