Шымқалада құрылып жатқан бесінші ауданға атау беруге тұрғындардың да атсалысқаны белгілі. Бір айға жуық шымкенттіктер өз ұсыныстарын жетізген болатын. Жақында өткен Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында жаңа ауданның нақты атауы таңдалды. Ол – Тұран.
Шымкент қаласындағы бесінші ауданға атау беру туралы қала әкімі аппаратының басшысы Ғ. Мәуленқұлов баяндады. Ол қоғамдық тыңдау өткізіліп, жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс пікірлер түскенін, көпшілік «Тұран» атауын қолдағанын, одан бөлек жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілгенін атап өтті. Нәтижесінде сессия отырысында Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бір ауыздан қолдады. Сөйтіп, республикалық ономастикалық комиссияға тиісті ұсыныс жолдау туралы қала әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданды.
Мәслихат сессиясына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, сөз сөйледі.
–Бүгінгі сессияда депутаттық корпус аса маңызды тарихи шешім қабылдады. Жаңадан құрылған ауданға Тұран деген атау беру туралы ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданады. Жалпы, бесінші аудан құру – уақыттың талабынан туындаған шешім. Шымкенттегі 81 шағын аудан мен тұрғын алапқа инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізіп, ондағы халыққа қолайлы жағдай жасауымыз керек. Жаңа ауданның құрылуы осы мәселені оңтайлы шешуге ықпал етеді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36,3 мың га (қала аумағының 32%), халық саны – 220,7 мың адамды құрайды. Қаланың Бас жоспарына сәйкес аудан аумағында, 2035 жылға дейін 1 175 гектарға 2 325 мың шаршы метр жаңа көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарлануда.
Жаңа аудан ресми түрде 2023 жылы ашылмақ. Жыл соңына дейін ауданға атау беру, шекарасын бекіту, құжатын әзірлеп Үкімет пен президентке жолдау шарасы іске асады.
Айта кетейік, жаңа ауданды ашуға қатысты жобалық сметалық құжаты жыл соңына дейін әзірленгенімен, оған қаржы бөлу мәселесі жаңа жылда шешімін таппақ. Шаһар басшысы жаңа аудан ашылған соң, міндетті түрде ондағы халықпен кездесетінін айтты.
Сондай-ақ, сессияның күн тәртібіндегі 2022 жылға арналған қала бюджетіне өзгерістер енгізу туралы мәселені, мәслихат депуттары тағы бір мәрте қарап шықты. Бұл ретте, қосымша сұралатын қаржыны қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев тәкпіштеп тұрып түсіндіріп берді.
Қосымша сұралып отырған 7,2 млрд теңге сонымен, құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға, сирек кездесетін ауруларды емдеуге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, балалар үйірмелеріне, жолдарды жөндеуге бағатталмақ.
«Қаламызда халық саны жыл сайын артып, демографиялық өсім жоғарылап келеді. Сондықтан қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырып, басқару деңгейін және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет. Қаладағы аудандардың шекараларын бөлу қаланың Бас жоспары негізінде әзірленді. Сонымен қатар, 2022 жылға арналған қала бюджет нақтыланды. Қосымша қаржы құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болды»,- деп сөзін қорытындылады шаһар басшысы.