Шымкент қысқа дайын ба?

Қысқаша

Шымкент қысқа дайын ба?

Screenshot_7.jpg

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, Шымқалада жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Таяуда Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов аумақтағы көп қабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығын пысықтап, тиісті нысандарды аралап шықты. Жұмыс барысында аудан әкімі қызмет көрсетуші мекеме басшылары мен қызметкерлеріне, ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жұмысты сапалы орындауды тапсырды.

« Қаратау ауданында 554 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 422 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесіне, 132-сі автономды жылу жүйесіне қосылған. Аудан әкімдігі «Қуат жылу орталық-3» мекемесімен бірлесіп, 422 үйге сығымдау жұмыстарын жүргізу жоспарын бекіткен болатын. Жоспарға сәйкес, 422 көп қабатты тұрғын үйдің қысқы дайындығы пысықталатын болады. Бүгінге дейін 131 көп қабатты үйде кестеге сәйкес сығымдау жұмыстары жүргізілді», - дейді аудан әкімі Р.Мүлкеманов.

Мамандардың айтуынша, ауданға қарасты көпқабатты тұрғын үйлердегі сығымдау жұмыстарына бірқатар жауапты мекемелер бекітілген. Қазіргі таңда «ОҚО үйлерді басқару» ЖШС-інің — 3, «Қызметкер СК» ЖШС-інің — 3, «Коммунал Сервис КО» ЖШС-інің —1, ЖК «Исабаева» —1, «Алиаскар Бам Групп» ЖШС-інің 1 арнайы жұмыс бригадасы және ЖК «Әділ», ЖК «Адал хаузинг», ЖК «Қазына» мамандары жұмылдырылған. 

« Қызмет көрсетуші мекемелер көп қабатты үйлердің жылу жүйесін сығымдау кезінде тік құбырларды 6-7 атмосфералық қысыммен тексеріп жатыр. Ақау анықталған жағдайда жарамсыз бұрандалар ауыстырылып, ысырма жапқыштар майланатын болады. Жылыту маусымына дайын үйлер «Қуат жылу орталық-3» мекемесінің актісімен қабылданады»,- дейді аудан әкімі.

Сондай-ақ, аудандағы 6 жылу қазандығының да маусымға дайындығы пысықталып жатыр. Қазандықтар толығымен тексеріліп, ақау анықталған бөліктің қосалқы бөлшектері ауыстырылып, сорғыштар тексеруден өткізілуде.

Айта кетейік, аудан аумағындағы орталық жылу жүйесіне қарасты 422 көп қабатты үйдің дайындық жұмыстарын қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ  Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындық жұмыстары бақыланды. Диваев көшесі, төменгі Отырар шағын ауданы 9, 11 үйлердің сығымдау, Бейбітшілік көшесінде ескірген құбырларды жаңасына алмастыру жұмыстары тексерілді. 

Әл-Фараби ауданында 672 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 613-і орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Бүгінде оның 35 пайызы жылыту маусымына дайын. Алда бұл бағытта жұмыстар жалғасатын болады. 

Тұрғындарға жылыту қондырғылары мен қазандықтардың техникалық жай-күйін, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын алдын ала жүргізіп, тиісті мекемемен келісімшартқа тұру маңызды екенін ескертеміз дейді сала мамандары. 

Айта кетейік, қалада 2022-2023 жылдың жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының жоспары мен арнайы штаб құрамы бекітілген. Штаб өткен жылға талдау жасап, алдағы маусымға дайындықты жүргізеді. 

Ағымдағы  жылдың жылу беру маусымынан кейін 838 шақырым жылу жүйелерін тексеру барысында 79 ақау анықталған. Қазір оның 21-і түзетіліп, қалған 58 жағдай тамыз айының соңына дейін толық қалпына келтіріледі дейді мамандар. 

Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету үшін 18  шақырым жүйеге ағымдағы жөндеуге мердігер мекеме анықталуда. Жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде жылу жүйелерінің тозу деңгейі 37%-дан 35%-ға төмендейді. 

Қаладағы 15 жылу қазандықтың қазір 3-і қысқы маусымға дайын (К-19, ПМК-49, К-54), қалған 12 қазандық 15 қыркүйекке дейін толық дайын болады. Ал, жылу жүйесіндегі 17 сорғы стансаның 7 қысқы жылуға дайын тұр. Қалған стансаларда жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. 

Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1987 көпқабатты тұрғын үйдің іс-шара жоспары бекітіліп, бүгінге 179 үйдің жылу маусымына сай, қалған үйлерде дайындық жұмыстары атқарылуда. 

Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық бақармасының

мәліметіне сүйенсек бүгінде қаладағы 484 бюджеттік нысанның 81-і жылу маусымына дайын тұр. Өзге нысандардарда дайындық жұмыстары жалғасуда. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандар бар. 

Сонымен қатар, бюджеттік нысандардың қатты отынға (көмір) қажеттілігі 4,7 мың тонна. Қазірде тасымалдайтын мердігер мекеме анықталуда. Сұйық отынға (диз.топливо) қажеттілігі 655 тонна, бүгінге дейін 8,2 тоннасы тасымалданған. Қалған сұйық отынға тасымалдаушы мердігер мекеме анықталуда. Қажетті отын көлемі 1 қыркүйекке дейін жеткізіледі.