Бас жоспар талқаланып жатыр

Қысқаша

Бас жоспар талқаланып жатыр

Screenshot_6.jpg

Шымкент қаласы бас жоспарының жобасын талқылау жұмыстары қызу түрде жүріп жатыр.  Бас жоспармен танысып, ұсыныстарын жеткізіп жатқан тұрғындар баршылық. Жақында оған қатысты өздерінің ой-пікірін білдіруге Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының белсенді мүшелері келді. Арасында белгілі сәулетшілер және қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар бар. 

«Шымкент қаласының дамуы бәріміз үшін үлкен маңызға ие. Ал, бас жоспар дұрыс жасалса, онда қалада экономика да, өнеркәсіп те, ауыл шаруашылығы да орнықты дамиды. Ең бастысы, бұл құжат халықтың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне ықпалын тигізеді. Сондықтан, жергілікті биліктің бас жоспардың жобасын қоғамның ашық талқылауына шығаруы орынды шешім дер едім. Біз «Ауыл» партиясының атынан осы мәселеге қатысты ой-пікірлеріміз бен ұсыныстарымызды жеткізу үшін жиналып отырмыз», – деді «Ауыл» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев. 

 Қазір ресми статистика бойынша Шымкентте 1 миллионнан астам халық тұрады. Енді 2-3 жылдан кейін, дәлірегі, 2025 жылы мегаполис тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға жетеді деген болжам бар. 1 айлық талқыға түскелі отырған жоспар аясында 2035 жылға дейін қала тұрғындарының саны 2 миллионға жетеді деп есептелген. Сондықтан жаңа бас жоспар халық саны ескеріле отырып жасалуы тиіс. 

 «Қаланы айналып, шағынаудан мен аудандар арқылы өтетін жолды кесіп өтетін жағдай жасау керек. Өйткені мегаполисте халық саны күн сана өсіп келеді. Қаладағы кептелісті азайтып, ыңғайлы болу үшін бәрін жасау керек. Негізі барлық мүмкіндік бар»,- дейді  «Grad комплекс» ЖШС өкілі Арман Есенбеков. 

Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Ал 2015-2018 жылдар аралығында бас жоспарға өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, сол кездегі қала әкімі бекітті. Ал бұл бас жоспар 2025-2035 жылдар аралығын қамтып отыр. Арнайы мамандар қаладағы 117 мың гектар аумаққа түгел топотүсірілім жасап, 1:10 000 масштабпен картаға енгізді. Бұл жұмыстардың тағы бір ерекшілігі – барлық сызба заманауи талаптарға сай келетін векторлы форматта жасалып отыр. Осылайша алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылып, Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанбақ. Бұған қоса жаңа құжатта ЛРТ, БРТ сияқты көлік желілері орналасады. ЛРТ – жеңіл рельсті көлік, ал БРТ – арнайы жолақтағы автобус. Бұған қоса тағы бір ерекшелік, 2012 жылғы бас жоспарда қалаға соғатын желдің бағыты ескерілмеген. Қалаға жел көбінесе шығыс жақтан соғады. Ал қазіргі жоспарда желдің бағыты ескеріліп, ірі өнеркәсіпорындары қаланың батыс аймағындағы жаңа индрустриалды аймақта орналасады деп жоспарлануда. Шымкенттің солтүстік-шығыс бағытында көп қабатты үйлер көптеп салынады деп күтілуде. Жаңа бас жоспарға сәйкес, қаланың дамуы поли орталық принципімен жүреді. Яғни, қаланың бір ғана орталығы мен басқа шеті деген ұғым болмайды, әр ауданның өз білім беру орталықтары, демалыс аймағы, әлеуметтік нысандары сияқты орталығы болады. 

Қала әкімі орынбасары Мақсұт Пернебайұлының мәлімдеуінше, 2021 жылдың шілдесінде елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салуды белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асыру бойынша ерекше тәртіпті қолдана отырып өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы Шымкенттің бас жоспарын әзірлеуге «Градкомплекс» ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан, дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен. Қазіргі таңда бас жоспардың 1-кезеңінің жұмыстары бітті. Бір ай бойы жүретін қоғамдық талқылаудан соң мамандар ұсыныс-талаптарды ескеріп, маңыздысын жоспарға енгізіп, жыл соңына дейін Шымкент қаласының жаңа бас жоспары жасақталады.

Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ержан Нұразхановтың айтуынша, үшінші мегаполиске көп өзгеріс қажет.  «Кез-келген адам арнайы жасалған журналға ұсыныс мен тілегін жазып қалдыруға болады. Қазір бас жоспарды жасақтаушы компания бұл тілектерді алып қорытады. Барлығын зерделейді. Іске асатын болса, қарайды. Ал аспаған күннің өзінде ол адамға жауап беріледі»,- дейді  шаһардың бас сәулетшісі. 

Концептуалдық тұжырымдама негізінде 2022 жыл соңына дейін қаланың жаңа бас жоспары толық әзірленіп, ҚР Премьер-Министрінің келісімінен кейін, Үкімет қаулысымен бекітілетін болады.