Жұмыссыз жастарға мүмкіндік берілді

Қысқаша

Жұмыссыз жастарға мүмкіндік берілді

Screenshot_4.jpg

Әлеуметтік салада басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту. Осы ретте Шымкентте жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүруде. Жыл басынан бері «Халықты жұмыспен қамту орталығы» 1000 нан астам жасты тұрақты жұмыспен қамтыған. Сондай-ақ, әр түрлі мамандықты игерген, десе де әлі күнге дейін жұмыс таба алмаған жандарға арнайы кәсіптік оқытулар да ұйымдастырылған. 

Жалпы ағымдағы жылы 57 мыңнан астам қала тұрғынын жұмыспен қамту шараларымен қамту көзделген. Жыл басынан бері 5 айда 22 мыңнан астам тұрғын еңбекпен қамту шараларымен қамтылған. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға жалпы 7,2 миллиард теңге қаралған.  Ал мүгедектігі бар тұрғындарды қолдауға бюджеттен 4,5 млрд теңге қаралған. 2021 жылы бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге бөлінген болатын.

Мамандардың мәліметінше Шымкентте ағымдағы жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында Білім ұйымдарындағы 1632 азаматты кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланған. Оның 832-і жастар. Сонымен қатар Жұмыс берушілердің өтінішімен арнайы кәсіпорындарда кәсіптік оқыту ұйымдастыру шараларына 760 азаматты қатыстыру көзделсе, оның 220-сын жастар құрап отыр. Бұл туралы арнайы брифингте “Халықты жұмыспен қамту орталығы” КММ директоры Әсет Шағдат мәлім етті.

Айта кету керек, түрлі мекемелердегі кәсіптік оқытуға жолданған азаматтардың жартысын яғни 50 пайызын кәсіпорын жұмыспен қамтуға міндетті. Сондай-ақ, оқу барысында шәкірттерге арнайы шәкіртақы да қарастырылған. Оның көлемі 20 948 теңге. Бұдан бөлек 6 126 теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек те қарастырылған дейді салаға жауаптылар.

Елімізде жастарды қолдауға бағытталған «Жастар практикасы» біраз жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мәселен жыл басынан бері 1000 нан астам жастар аталмыш жоба аясында түрлі мамандық бойынша жұмыс жасауда.  «Жастар практикасы» – еліміз бойынша сәтті әрі нәтижелі бағдарламалардың бірі. Жыл басынан бері аталған бағдарлама бойынша 1000-нан астам жас маман тиісті жұмыс орындарына жолдама алды. Жыл соңына дейін 2098 жасты қамту жоспарланып отыр. Бағдарламаға 29 жастан аспаған, жұмыссыз ретінде тіркелген және соңғы үш жыл ішінде оқуларын аяқтаған ЖОО-лар мен колледжлердің түлектері қатыса алады», - деді спикер.

Еске сала кетейік, жастар практикасының жалақысы өсіп, бүгінгі таңда 91 890 теңгені құрауда. Бағдарламаға қатысу мерзімі де 6 айдан 12 айға ұзартылған. Бұл жастарға тәжірбие алуда таптырмас жоба болып отыр.

Ал үшінші мегаполисте жас мамандарды жұмысқа орналастыру және зейнет демалысына шығатын жұмысшыларға лайықты ізбасар дайындауды мақсат еткен “Ұрпақтар келісімшарты” жобасына қатысып, жұмысқа жолданып жатқандардың дені - жастар. Солардың бірі - Нилюфар Убайдуллаева.  Ол өткен жылы Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжін “Тігінші” мамандығы бойынша тәмамдаған. Осы жылдың маусым айының басында ол “Ұрпақтар келісімшарты” жобасына қатысуға өтінім беріп, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарын өткізіп, нәтижесінде жеке кәсіпкер “Қасиет Collection” тігін цехына жолданған. Жас маман аталған өндіріс орнында зейнет жасына жақындаған тігін шебері Гүлчехра Егембердиевамен  орын ауыстыратын болады. 

- Бұл жұмыс іздеп жүрген немесе жұмыссыз жастар үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Тәжірибе жинақтайсың. Тәжірибелі тәлімгерден істің қыр-сырын үйренесің. Жобамен келгеніме еш өкінбеймін. Өзімді жақсы қырымнан көрсетсем тұрақты жұмысқа тұруға да мүмкіндік мол, - дейді Нилюфар Убайдуллаева. 

Биыл Шымкентте “Ұрпақтар келісімшарты” жобасымен 24 адамды жолдау жоспарланған. Аталған жобаға қатысушының айлық жалақысы - 91890 тг. Аталған жобаның мақсаты - жас мамандарға жұмыс ұсыну және зейнеткерлікке шығатын жұмыскерлерді ауыстыруды дайындау. Жобаға оқуды екі жыл ішінде аяқтаған және 29 жастан аспаған оқу орындарының түлектері қатыса алады. Яғни, қатысушы мекемедегі зейнеткерлік жасқа кемінде 6 ай қалған қызметкерді алмастырады. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті.

Жастарды уақытша жұмыспен қамтуда  «Жасыл ел» бағдарламасының да шарапаты тиіп отыр. Таяуда үшінші мегаполисте «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымының ашылу салтанаты өткен болатын. Жауапты мамандардың айтуынша, биыл 1313 жасты бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Айта кетейік, биыл «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына 27 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында бұл бағдарлама жастарға жігер берген өміршең бағдарламаға айналды. Еліміздің әр аймағынан республикалық штабтың бөлімшелері ашылып, олар күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Бағдарлама аясында «Студенттік құрылыс жасақтары», «Жасыл ел» секілді еңбек жасақтары құрылған. Мұндағы мақсат – жастардың жазғы каникулда бос жатпай, еңбек етіп, жалақы табу ғана емес, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбие алуы да маңызды.