Аналарға көмек көп
Шымкентте 3 мыңға жуық ана тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында «Бақытты жанұя» орталығының басшысы Абибулла Қалымбет мәлімдеді.
Комиссия төрағасы, қала әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, құзырлы мемлекеттік органдар және жергілікті үкіметтік емес ұйым басшылары қатысқан жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды.
Отырыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп келетін көмектің жай-жапсарын баяндаған «Бақытты жанұя» орталығының басшысы 4 269 ана жұмыспен қамту шараларына тартылғанын, 1225 ана қоғамдық жұмыспен қамтылғанын және 2 882 ана тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Сонымен бірге, 373 ана кәсіптік тегін оқу курсынан өтіп, 162 ана мемлекеттік грант алған. Айта кетейік, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "Бақытты жанұя" орталығы республикада алғаш жұмысын бастаған мекеменің бірі. Мұнда 11 мыңнан астам аз қамтылған және көп балалы аналардың мұқтаждықтары тіркелгенін атап өтті. Оларға түрлі деңгейде қызметтер көрсетілуде.
Айталық өмірлік қиын жағдайға ұшыраған аналарды қолдау орталығында көпбалалы аналар тігін ісін тегін меңгеруде. Орталық арнайы шеберхана тігін машиналары және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Қызмет алушылар құрақ көрпе, қыз жасауы мен сұранысқа сай сән үлгісіндегі кимдер және түрлі ою-өрнектер кестеленген қазақы нақыштағы тақияларды тігіп үйренеді. Орталықта жалпы түрлі бағыттар бойынша басқа да оқу курстары бар. Атап айтқанда, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығуларын үйретеді. Сонымен қатар, орталық қызметкерлері келішулерге психологиялық, құқықтық кеңес береді. Мақсат - аз қамтамасыз етілген отбасылар мен көп балалы аналарға қолдау көрсету.
Бұдан бөлек, жиында «Әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау: ана мен бала өлімінің проблемалары туралы» денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков, «Қиын өмірлік жағдайға тап болған, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері туралы» №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Н.Асанов баяндама жасады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі. Қала әкімінің бірінші орынбасары әлеуметтік мәселелер бойынша, атап айтқанда, ана мен бала денсаулығын қорғау, өлімді азайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептеріне терең талдау жүргізу керектігін айтты.
Жиын қорытындысы бойынша Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар берілді.