Қоғам бірлігі – ел тұтастығы

Қысқаша

Қоғам бірлігі – ел тұтастығы

Screenshot_2.jpg

«Қоғам бірлігі — Жаңа Қазақстанның негізі» тақырыбында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ІІІ сессиясы өтті. Алқалы жиында ҚХА-ның ХХХІ сессиясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында татулық пен қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін айрықша атап өтті. . Осы орайда, конституциялық құрылым қызметінің үш негізгі құраушы басымдығы айқындалды: оның біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыруда ассамблеяның рөлін күшейту болса, екіншісі – ақпараттық жұмыстарды күшейту және ассамблеяның қоғамдағы әлеуетін арттыру, ал үшіншісі – құқық қорғау қызметін күшейту, этномедиацияны дамыту және оны кеңінен қолданысқа енгізу. Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі рөлі мен әрі қарай дамыту міндеттерін белгіледі. Қазақстандағы барлық азаматтың құқығы тең. Яғни, кескін-келбетімізге, ұлтымызға, түсімізге қарап бөлінбейді. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері қаншама жылдардан бері тату-тәтті өмірі сүріп келеді. Ал, бұл әрбір азаматтың танымына тікелей байланысты. Танымның үш түрі бар: әуелі, өзіңді тану, екінші – қоғамды, мемлекетті, ұлттық құндылықтарды тану, үшінші – әлемді тану», - деді Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Мұқан. 

"Тіл- ұйыстырушы фактор" атты  ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісінің орынбасары, ғалым  Қайрат Анарбаев еліміздегі этнос өкілдерінің татулығын нығайтып, бірлігін бекем етудегі мемлекеттік тілдің  және  қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды тұстарын айтып өтті.  Оның ішінде ассамблеяның «Қазақтану» жобасын іске асыру жайына кеңінен тоқталды.

Жиын барысында Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Романова ел болашағы білімді, әрі еңбексүйгіш ұрпақтың қолында екенін айта келе, оларды тәрбиелеудегі педагогтардың рөліне тоқталды. Ал, «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілері қауымдастығының» кәсіби медиаторы Н.Нұрханов этномедиация тақырыбын тарқатты. «Достық» білім беру орталығының оқытушысы С.Пак пен «HAN» телеарнасының тілшісі И.Нусратуллаева замандастарын мемлекеттік тілді меңгеруге үндеді. Жыл басынан бері олардың араласуымен 46 елдімекенде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 11 дау шешімін тапқан.

Сессия соңында Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов өңірде этномедиацияны дамыту үшін қарапайым тұрмыстық келіспеушіліктен бастау алып, ұлтараздық сипат алып кететін жағдайларда этномәдени бірлестік төрағалары белсенділік танытуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, мәселенің мән-жайын анықтамай тұрып әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарататын «белсенділерге» наразылығын білдірді. Ал, сессия төрағасы Шыңғыс Жұмабекұлы жиында қаралған мәселелер бойынша бірқатар сала басшыларына тапсырма берді. Әсіресе Шымкент қалалық білім басқармасы тарапынан мектептерде мемлекеттік тілді ілгерілету жұмыстарына қатысты кешенді жоспар жасауды тапсырды. 

Айта кетейік, 2019 жылы құрылған Шымкент қалалық ҚХА қарасты 17 этномәдени бірлестік бар. Олар  топтасып қоғам бірлігін бекемдеу бағытында жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар қоғамда татулық пен бірлікті сақтауды көздеген жобаларды іске асыруға атсалысып,  этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтардағы түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылған.

Миллионнан аса тұрғыны бар мегаполис тұрғындарының 31,3 пайызын түрлі этнос өкілдері құрайды.