Мегаполис пен Маңғыстау. Қос өңір туризмді бірге дамытпақ

Қысқаша

Мегаполис пен Маңғыстау. Қос өңір туризмді бірге дамытпақ

Screenshot_1.jpg

Туризм саласында сыртқы байланыстар маңызды рөлге ие. Қазіргі таңда, Шымкент халықаралық 10 қаламен бауырластық орнатқан. Олар: Байинь (Қытай), Гроссето (Италия), Измир және Эскишехир (Түркия), Могилев (Беларусь), Паттайя (Тайланд), Стивенэйдж (Ұлыбритания), Адана (Түркия), Ахарнон (Грекия) және Худжанд (Тәжікстан). Сонымен бірге республиканың өзге өңірінен келген әрбір адам ол Шымқала үшін қонақ және әлеуетті инвестор. Яғни өзге өңірліктер ішкі туризмді дамытуға үлес қосатыны сөзсіз. 

Осы ретте жақында  Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Шаһар басшысы еліміздің мұнайлы өлкесі және ірі туристік орталықтарының бірі – Маңғыстау төрінде іскерлік кездесу өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Кездесудің мақсаты – Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысы арасында екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, туристер легін арттыру жолында бірлесе жұмыс істеу. 

Кездесу аясында тараптар өңіраралық туризм саласын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Сонымен қатар, “Rixos Khadisha Shymkent” пен “Rixos Water World Aktau” қонақ үйлері және “Garant Tour” туристік компаниясы мен “Aizhelken group” ЖШС арасында екіжақты келісім орнады. 

Үшінші мегаполис басшысы өз сөзінде қазіргі таңда әлемде орын алған пандемияға байланысты ішкі туристік өнімдерге сұраныс өскенін айтты. Ресми статистика бойынша, 2021 жылы еліміздегі ішкі туристер ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53%-ға артқанын сөзге тиек етті. “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен “Бақытты қалаға саяхат” байқауында Ақтау тұрғыны ұтып, Шымкент қаласына 2 күндік тегін саяхат жасағанын да айтып өтті. 

Айта кетерлігі, Шымкентке Әз Наурыз мерекесі қарсаңында алғаш рет келген ақтаулық тұрғын, қаладағы тарихи және мәдени нысандармен, сондай-ақ қала өмірімен танысып, “ДәмДәсTour” ресторандар жәрмеңкесі арқылы шаһардың гастрономиясымен де танысқан болатын. 

Нұрлан Ноғаев та кездесу екі өңірдің арасында отандық туризм саласында өзара тиімді қарым-қатынастар географиясын кеңейтуге, туризм индустриясында шағын және орта бизнестің дамуына, туристік қоғамдастық арасында байланысты біріктіру мен нығайтуға оң ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

Шымкент – оңтүстік өңірінің туристік орталығы. Қала маңына Ақсу Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық саябағы, Қасқасу, Біркөлік сынды табиғаты тамаша демалыс аймақтары мен киелі Түркістан жақын орналасқан. Сондықтан оңтүстік өңірінің тарихи сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алатынын нақты айта аламыз. Осы ретте, Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасының кесенесі Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында орналасқанын айта кеткен жөн. 

Мамандардың мәліметіне сүйенсек үшінші мегаполис 2022 жылдың І тоқсандық көрсеткіш  бойынша келуші шетелдік туристер санымен республикада ІІІ орынды иеленіп отыр.  Келуші туристердің басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Түркия, Қытай Халық республикасы, Сауд Арабиясы, Франция, Германия, Италия және АҚШ азаматтары.  Ал, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Шымкентке келуші саны 71 156 адамды құрап, еліміз бойынша 5 орынды иемденген болатын.

Шымқаланың туристік әлеуетін арттыру үшін 37 мыңдай адам қызмет етуде. Шымкент қаласына келушілер үшін орналастыру орындарының да саны ұлғайғанғанын айта кетейік. Бүгінде Шымкентте 140 орналастыру орны бар. Оның ішінде 76 орналастыру орнында  жүйесі енгізілген. ( біріңғай ақапараттық жүйесі – туристерді есепке алу, труистік ағынды талдау және бақылауын жүзеге асыруға арналған). Былтырғы жылмен салыстырғанда орналастыру орындарының өсімі 117 пайызға еселенген.  Жалпы, аталған қонақ үйлерде 1000-нан аса адам қызмет істейді. Олардың қатарында қонақ үй әкімшісі, хостес, ресепшн қызметкері, оператор, сату менеджері, брондау менеджері, даяшылар, аспаз, бас аспаз, бас менеджер және басқа да қызметкерлер бар. Осы қызметкерлер көрсеткен қызмет арқылы 1 млрд. 627 млн. қаржы тапқан. Одан өзге, аталған 140 қонақ үйде 2737 бөлме бар. Бұл орналастыру орындары біржолғы сыйымдылықта 6000-ға жуық адамды қабылдай алады. Сонымен қатар, жыл басынан бері 100 мыңға жуық адам қонақ үйлерге келіп тұрақтаған. «E-qonaq» жүйесіне тіркелу мәліметіне сәйкес, олар жеке, туристік, кәсіптік және іскерлік мақсаттарда Шымкент қаласына саяхат жасаған.

Сондай-ақ Шымкент туристер үшін қауіпсіз әрі жайлы шаһар. Себебі, қалада шетелдік қонақтарға құқықтық көмек көрсететін – туристік полиция жұмыс істейді.  Күнделікті туристік полиция қызметіне оннан астам қала қонақтары жүгінеді екен. Айта кетейік, сала өкілдері туристер үшін тәулік бойы қызмет көрсетеді  Туристік полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен, планшеттермен, рациямен жабдықталған. Олар мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген.