Осыдан 4 жыл бұрын еліміздің оңтүстігіндегі шырайлы шаһар Шымкенттің тұрғыны мллионға жетіп, республиканың маңызды деген мегаполистер қатарына кірген болатын. Жаңа сатусқа ие болған қаланың одан кейін тұрғындарды ғана емес экономикалық, әлеуметтік тұсы да өсті. Сол кезде қаланың шекарасы бекітілген болатын. Үшінші мегаполис мәртебесіне дейін Шымқалада үш аудан болған. Көп ұзамай Қаратау атты жаңа аудан пайда болған еді. Енді міне, Шымкент аумақтық құрылымы жағынан 5-ке бөлінетін болады.
Су жаңа ауданның аумағы жақында кезектен тыс өткен он сегізінші сессияда бекітілді. Халық қалаулыларының алдында жаңа аудан жайында түсіндірген Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов әзірге атауын ойластырып жатқандарын жеткізді. Аппарат басшысының айтуынша мегаполисте демографиялық өсімнің жылдан жылға жоғарылап келе жатыр. Бұл ретте, тұрғындар саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбеюде екен. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 220 мыңның төңірегінде болатын көрінеді. Ал оның шекаралары Абай мен Әл-Фараби ауданының арасынан өтеді.
Миллионды шаһарды 81 елдімекен құраса, оның 41 қалаға кейіннен қосылған ауыл типтес елдімекендер екен. Оларды дамыту –кезек күттірмейтін мәселе. Осы орайда, аппарат басшысы жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізетінін тілге тиек етті. Шенеуніктер жаңа ауданға көшкеннен кейін тұрғындарда құжат рәсімдеу кезінде ешқандай мәселе болмайтынын және бұған бір тиын да қаржы жұмсалмайтынын айтты. Ал, мектеп пен емханаға, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтары бәз баяғы қалпынша қабылдай бермек.
Осыған дейін, мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланған бұл мәселе сессияда бірауыздан қолдау тапты. Осы орайда, жаңа ауданның атауына байланысты мәслихат хатшысы өз ойын білдірді.
«Тұрғындарға айтарым, шекаралар ауысқанымен, жаңа ауданға ауысу кезінде ешқандай құжат ауыспайды, оған қажеттілік жоқ. Ешқандай шығын келмейді. Тұрғындар өздері қарайтын емханаға барып емделе береді. Және ХҚКО солай, ештеңе өзгермейді. Осы айдың 19-шы жұлдызында біз тағы да бір сессия өткіземіз. Сол жерде біз нақты атауды республикалық онамастикалық комиссияға жолдайтын боламыз. Көптеген ұсыныс айтылып жатыр. Соның ішінде Тұран ауданы деген ұсыныс айтылып отыр. Жалпы өзімнің көңіліме қонымды. Қазіргі жағдайға байланысты, жалпы рухты көтеретін, ата-бабамыз армандап келе жатқан атау, оған ешкім қарсы болмайтын шығар деген ой»,- дейді Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов.
Шымкент қаласы Кеңес Одағы кезінде небәрі екі аудан болып құрылса, Тәуелсіздік алғаннан кейін 1996 жылы үш аудан болып қайта құрылды. Ал, төртінші аудан мегаполис статусынан кейін пайда болды. Су жаңа бесінші ауданның шекарасын шегелеген құжатқа қол қойған Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Мұқан, қаланың дәл осы өсу қарқынымен алтыншы ауданның құрылатын күні алыс емес, дейді.
Тұран – нақты нұсқа емес. Шымкенттің бесінші ауданын Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне атауы да мүмкін. Ал тұрғындардың ішінде жаңа ауданды 13-ші деп, тіпті Шымкент ауданы деп атауды ұсынып жатқандар да бар.
«Қалай аталатыны әлі шешілген жоқ. Бірнеше ұсыныс жолданған болатын. Жоғарғы мемлекеттік органдармен ақылдасып, шешілетін болады. Әкімнің кім болатыны да белгісіз. Себебі, аудан мәслихаттың шешімімен енді құрылды. Содан кейін юстициядан тіркеледі. Басқа да құжаттар бәрі рәсімделген соң, аудан құқықтық тұрғыдан құрылған кезде шешіледі деп ойлаймын»,- деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Жаңа ауданға 25 мектеп, 6 медициналық мекеме және 5 шағын бақ ауысады.
Тарихи сәтке куә болған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова, кезектен тыс өткен сессиядан кейін халық қалаулыларының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жиында, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жай күйі, әйелдердің зейнет жасы, ЖОО бүгіні мен ертеңі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің салығы сынды мәселелер қозғалды.