Жазы ыстық Шымкент қаласының тұрғындары аптапта қала көшелерінде орналасқан субұрқақтарға барып демін басады. Субұрқақтар ауаны салқындатып қана қоймай қалаға сән береді. Жалпы үшінші мегаполисте 37 су бұрқақ бар. Олар толығымен консервациядан шығарылып, 35 су бұрқақ бекітілген кестеге сәйкес тұрақты жұмыс істеп тұр. Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Әуесбек Әзбердіұлының айтуынша Субұрқақтар жұмысы арнайы кестемен қадағаланады. Яғни, олардың қосылатын уақыты, судың тазалығы, демалушылардың қауіпсіздігі — барлығы назарда.
— Қала тұрғындары су бұрқақтарға шомылуға тыйым салынғанын назарда ұстаса дейміз. Әр нысанның жанына «су бұрқаққа шомылуға тыйым салынған» деген жазуы бар арнайы тақтайшалар орнатылған, - дейді Ә.Опабек.
Биыл жыл бойы субұрқақтар мен ұңғымаларды күтіп ұстауға жарияланған конкурста мердігер мекеме «Dim Nur Company» ЖШС-і жеңімпаз атаныпты. Бүгінде компания су бұрқақтарға күтім жасау жұмыстарын бастап кеткен.
Айта кетейік, қаладағы 37 су бұрқақтың 3-еуі әуенді. Олар Тәуелсіздік саябағында, Әкімшілік іскерлік орталықта және Этносаябақта орналасқан. Қаладағы субұрқақтардың күтіміне жауапты мердігер «Dim Nur Company» ЖШС-інің маманы Мұхтар Тұрабаевтың айтуынша қаладағы әуенді су бұрқақтар кешкі сағат 20.00-21.00 және 22.00-23.00 аралығында қосылады.
— Тәуелсіздік және Абай саябағындағы су бұрқақтардың сорғы құрылғысының істен шығуына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оншақты күнде қала тұрғындары бұл субұрқақтарды да саялай алады. Қалған 34 су бұрқақ сағат 08.00-10.00, 12.00-16.00, 17.00-22.00 аралығында қосулы тұрады. Барлық су бұрқақтың жұмысы автоматтандырылған. Дейтұрғанмен, су сорғы қызметіне шамадан тыс күш түсіп, күйіп кетпеуі үшін арнайы кесте негізінде жұмыс істейді,- дейді маман.
Мердігер компанияның қызметіне сорғы қызметін қадағалау, жарықтандыру және су бұрқақтың кафельді, гранитті бассейндеріне күтім жасау, жөндеу жұмыстары кіреді.
— Алғашқы он күндікте су бұрқақтардың кестеге сай жұмыс істеуі қадағаланбақ. Одан әрі кейбір нысандарға ағымдағы әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта ерекше күтім қажет су бұрқақтар зерделеніп жатыр. Сондай-ақ, күннің ысуына байланысты бүлдіршіндер онда суына шомылып жатады. Алайда, ол өте қауіпті. Себебі, қаладағы су бұрқақтардың су сорғысы, жарығы барлығы электр энергиясымен жұмыс істейді. Техникалық ақаулар туындаған жағдайда адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Сондықтан барлық нысанға ескерту белгілері орнатылды. Енді ата-аналардың қадағалауы маңызды, - дейді М.Тұрабаев.
Айта кетейік, мердігер компания әр техникалық қызметкерге 2-3 су бұрқақтан бекіткен. Ал, ірі нысандарда жекелеген мамандар жұмыс істейді.
Күздің қоңыр кешіне дейін енді барлық субұрқақтар бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеп, қала тұрғындарының көңілін сергітетін болады.