Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Көп балалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі» екенін айтып, көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында пәтерлер беруді тапсырған. Осыған орай Шымкент қаласында арендалық 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы биыл 1605 отбасыны әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болса, осы жылдың сәуір – мамыр айларында түрлі санаттағы 83 отбасыға пәтер табысталған болатын.
Шіліңгір шілденің басы баспанасыз жүрген бірқатар шымкенттіктер үшін қуанышты оқиғамен басталды. Елорданың мерекесі қарсаңында үшінші мегаполисте тағы 90 отбасы әлеуметтік пәтерге ие болды. Көпқабатты тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз берілді.
«Тұран» және «Нұрсат» шағын аудандарында орналасқан пәтерлердің 37-і көпбалалы отбасыларға, 36-ы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне үлестірілді. Сондай-ақ, 17-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтар да қоныс тойын тойлады.
Жаңа қоныстанушыларды баспанамен қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов арнайы барып құттықтады. Қуаныш иелеріне пәтер кілтін табыстады.
Гүлчехра Кәлибаеваның кәмелетке толмаған жеті баласы бар. Жеті жылдан бері өзгенің қонысын жалдап келген ананың бүгінгі қуанышында шек жоқ. Көпбалалы отбасыға үш бөлмелі пәтер бұйырды.
Мамандардың айтуынша өткен жылы қалада бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй берілген. Биыл да осы межеден асу жоспарланып отыр (1060 мың ш.м, өсім - 4,7%).Оның ішінде бюджет есебінен 51 көпқабатты тұрғын үйді (2972 пәтер, 239,3 мың ш.м) пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша биыл 1524 азаматты несиелік тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аталған тұрғын үйлердің конкурсы кезең-кезеңімен «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде. Жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысушылар үшін әлеуметтік көмек ретінде Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.
Елімізде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып, бүгінде жалғасын табуда. Соның бірі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Бақытты отбасы» бағыты. Бұл бағыт аясында Шымкент қаласында 2019 жылы сол кездегі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы тұрғын үй кезегінде тұратын 292 отбасы баспанаға қол жеткізді. Нақты айтсақ, олардың арасында 113 көп балалы, 134 толық емес және ерекше бала тәрбиелейтін 45 отбасы бар. 2020 жылы да қаламызда 292 отбасы жеңілдетілген несие рәсімдеп, пәтер алды. Ал 2021 жылы өңірлерге берілген лимит көлеміне сәйкес, Шымкентте аз қамтылған санатқа жататын 589 отбасын несиелік үймен қамтылды. Биыл үшінші мегаполисте «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 449 отбасыға лимит бөлініпті. Айта кетейік, «Бақытты отбасы» – елімізде танылып үлгерген бағдарлама. Ол табысы аз, әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататын отбасылардың баспаналы болуына арналған. Бағдарламаға қатысушылар Қазақстан Республикасының азаматы болуы және өтініш беруші мен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында ел аумағында меншік құқығындағы үйі болмауы тиіс.
Сонымен қатар қазіргі таңда қалада тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша жұмыстар атқатырылуда. Бүгінде баспана кезегіндегі 1201 азаматтың өтінімі мақұлданыпты. Тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімдер Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2022 жылдың 18 сәуірінен бастап қабылданған болатын.
Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша атаулы көмек қағидатына сәйкес 50% - мемлекет, қалған 50% - ын алушы өз бетінше төлейді. «Қазіргі таңда тұрғын үй басқармасымен «Отбасы банк» АҚ арасында келісім шарт түзілуде. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген соң тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімі мақұлданған азаматтардың 50 пайыз жалдау ақысы мемлекет тарапынан төленетін болады»,-деді басқарма басшысы.
Отбасы мүшесінің санына байланысты максималды субсидияланатын сома мемлекет тарапынан бекітілген, ол 85678 теңгеден аспайды. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар қатыса алады.