Жаңа оқу жылына жаңа мектеп

Қысқаша

Жаңа оқу жылына жаңа мектеп

Screenshot_4.jpg

Жаз – мектеп оқушылары үшін қызықты каникулдың мезгілі  болғанымен құрылысшылар үшін нағыз тіршілік қайнайтын кез.  Қазір Шымкент қалалық білім басқармасы келер оқу жылының қамына кірісіп жатыр. Шымқалада жөндеу жүріп жатқан нысанның бірі М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы. Жақында қала әкімі Мұрат Әйтенов  аталған мектептің құрылыс жұмыстарын тексерді.

Білім мекемесінің іргетасы осыдан 147 жыл бұрын қаланған. Бүгінде мектептің кей аумағы көнеріп, санитарлық талап пен өрт қауіпсіздің талабына сай емес екені анықталды. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қосымша оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. 

Жаңа ғимарат 1 100 оқушыға лайықталған. Одан бөлек жобада 250 орындық АКТ залы, спортзал, 20-30 мың кітап қорына арналған кітапхана және 20 оқу залы және 320 орындық асхана қаралған. Құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр. 

М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы Шымкент қаласындағы ең көне мектеп. Бүгінде оқушыларға үш тілде білім беретін мамандандырылған гимназияға айналған.

Аталған гимназия 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген. Қала әкімі тек үздіктерді тәрбиелеп отырған мектептің қосымша ғимаратпен толығуы білімді жастардың көбеюіне жол ашатынын атап өтті.

Сондай-ақ қала басшысы жөндеу жұмыстарын тексеру мақсатында А.Науаи атындағы  №11 мектепке барды. Білім мекемесі 1991 жылы пайдалануға берілген. Мектептің су құбырлары, жылыту және электр жүйелерін жаңарту уақыты келген. Жауынды күндері ескірген шатырдан су өте бастаған. Іргетасының қаланғанына 30 жылдан астам уақыт болған мектеп жөндеуден кейін жаңа кейіпке енбек. 

Екі қабатты ғимараттың есік, терезе және едендері жаңасына ауыстырылып, жылу жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Желдету, су құбырлары, кәріз, электр жабдықтары, өрт дабылын орнату жұмысы атқарылады. 

Жұмыстар осы жылдың сәуірінде басталған болса, қазір 45 пайызы орындалған. Жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Биылғы күрделі жөндеуден өтетін білім ұйымының бірі - №3 балалар үйі. Аталған балалар үйі 1937 жылы ашылған. Бүгінде мекемеге тиесілі 9 ғимараттың 6-ы сараптама қорытындысына сәйкес жарамсыз деп танылған.  Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №3 балалар үйінің де күрделі жөндеу жұмыс барысын тексерді. 

Екі қабатты ғимараттың едендері мен есік-терезелері ауысып, шатыры жөнделеді. Тозығы жеткен электр жүйесі, су құбыры мен кәріз және жылыту жүйелері жаңарады.

Балалар үйіндегі негізгі ғимарат 1964 жылы пайдалануға берілген. Сыйымдылығы 50 орынға лайықталған. Балалар үйінің негізгі ғимаратының сыртқы және ішкі бөлмелерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір мұнда 47 бала тәрбиеленуде. Осы жылдың сәуір айында жөндеу жұмысы басталғаннан, балалар №4 балалар үйіне орналастырылды. 

—Балалар үйінің жөндеу жұмысы жоғары деңгейде, әрі сапалы болуы керек. Өйткені балалар —біздің болашағымыз. Олардың мұнда өсіп, білім алуында ешқандай кедергі болмауы қажет. Көбіміздің ата-анамыз бар болса, мұндағы балалардың қамқоршысы мемлекет,—деді қала әкімі.

Қазір жалпы жұмыстардың 40 пайызы орындалған. Пайдалануға беру мерзімі қазан айына жоспарланып отыр. 

2025 жылға дейін республикада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1000 мектеп салынбақ. Ал, Шымкент қаласында осы тапсырма негізінде 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп бой көтермек. Мәселен, 2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілген. Оның 4-еуі мемлекеттік, 21-і жекеменшік білім ұйымы. Ал, биыл – 24, 2023 жылы –16, 2025 жылы 19 нысанның құрылысы жүргізілмек.  

Мамандардың айтуынша, жаңадан пайдалануға берілген білім нысандарының нәтижесінде өткен оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен шешілген. Ал, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендепті. Шымкентте білім сапасын арттырып, апаттық мектептерді жою және 3 ауысымдық мектептерді азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бүгінде 50 пайызға жуығы орындалып үлгерген.

Қазіргі таңда қалада жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 ғимараттың жұмысы биыл басталған. Солардың бірі Сайрам тұрғын алабындағы Ю.Сареми атындағы №107 мектеп лицейін бүгінде  «Сервис центр–2007» ЖШС-і күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Бүгінде жұмыстың 60 пайызы атқарылған. Нысан бұйыртса, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдайды. Ал, «Строительная компания Шах» ЖШС-і жөндеуден өткізіп отырған А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясындағы жұмыс тапсырыс ауқымына байланысты жыл соңына дейін жалғаспақ. Бұл мектептің оқушылары жыл соңына дейін өзге мектептерге орналастырылатын болады дейді  сала мамандары.  Осы ретте атап өткен жөн  жалпы, жөндеу жұмыстарына жұмылдырылған 5 мердігер компания толығымен Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, 550 азамат уақытша жұмыспен қамтылып отыр. Яғни, құрылыс жұмыстары жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесінде де оң септігін тигізіп отыр.

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Балалар жылына орай 84 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, балалардың денсаулығын жақсарту, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 44,6 млрд. теңге қаржы қаралғанын айтқан-ды. Бұл қаржының ішінде жаңа мектеп құрылысы, күрделі жөндеуден бөлек, барлық бастауыш сынып оқушыларына берілетін тегін ыстық тамақ, 56 мыңнан астам аз қамтылған отбасының балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасы, қолөнер және спорт үйірмелері бар.