Барлығы балалар үшін

Қысқаша

Барлығы балалар үшін

Screenshot_3.jpg

Республикада инвестиция тартудан көш бастап келе жатқан  үшінші мегаполис демографиялық өсімі жағынан да алда келе жатқан өңірлердің бірі. Сондықтан шаһарда балалардың денсаулығы, біліммен қамту, әлеуметтік жағдайын көтеру мен оларға қолайлы жағдай жасау мәселесі де басты назарда. Осы мақсатта Шымкентте балаларға арналған ойын алаңшаларының саны артып, ескіргендері қайта жаңарып жатыр.   

Мамандардың айтуынша «Халық қатысатын бюджет» жобасымен тұрғындар өтініштері негізінде Әл-Фараби ауданы аумағында биылға 50 көп қабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын салу жоспарланған. Оған қоса 9 жаңадан ашық спорт алаңшаларын орнату мен 9 алаңшаны жөндеу жоспарға енген. Қазір 28 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.  Ал А.Байтұрсынов көшесі №88-90, №92, №4 және Рашидов көшесі №25Б, 25В көпқабатты тұрғын үй аулалары толық абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілген. Тұрғындардың ыңғайы үшін әр көп қабатты тұрғын үй ауласына орындықтар, қоқыс жәшіктері, күркелер, тренажерлық кешендер, заманауи үлгідегі балалар ойын алаңшалары мен ойын элементтері қойылған. 

Сондай-ақ бүгінде Құрсай шағынаудандағы Қарнақ көшесінде  балалар ойын алаңшасының құрылысы жүруде.  Алаңды абаттандыру жұмысы мамырдың соңында басталған болатын. Қазір ойын элементтерін орналастыру жұмысы жүргізілуде. Мердігер мекеме жуырда қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Мұнда балалар алаңынан бөлек демалуға арналған бастырма (беседка), орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылады.

Алаңша тұрғындар серуендеуге және дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді. Спорт элементтерімен бірге, балаларға да арналған құрылғылар орнатылуда. Жоғарыда аталған алаңшалардағы ойын және спорт құрылғылары Шымкент қаласында өндірілген. 

Мамандардың мәліметіне сүйенсек Абай ауданындағы 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген. 2014 жылдан бері жалпы 222 аула абаттандырылып, 56 спорт алаңшасы салынған. Өткен  жылы 21 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, 12 спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеу, 35 спорт алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізіліпті. Ал «Шымкент қайырымды қала» қоры арқылы демеушілік есебінен 4 спорт алаңшасы орнатылған. Биыл сондай-ақ  аудандағы Республика №34 көпқабатты үй ауласында балалар ойын алаңшасы салынуда. Алаңша құрылысы аяқталуға жақын. Ал жалпы ауданда биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру және 10 спрот алаңшасын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазір барлық аумақтағы құрылыстың 85 пайызы аяқталып, жуырда ел игілігіне берілмек. 

Қаратау ауданында болса жыл соңына дейін 41ойын алаңшасы, 10 спорт алаңшасын салу жоспарланған.