Шымкентте инфрақұрылым проблемасы шешіледі

Қысқаша

Шымкентте инфрақұрылым проблемасы шешіледі

Screenshot_2.jpg

Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов тұрғындардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтылу барысы жөнінде  мәлімдеген болатын.  Спикердің айтуынша, қалада 3 елдімекен ауыз суды кестемен қолданады. Биыл 8 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде қамту деңгейі 98%-дан 99%-ға артады. Жоспар бойынша 2023 жылы ауыз су мәселесі толығымен шешіледі.

Қалада 81 тұрғын алап пен шағын аудан бар. Оның 62-сі кәрізбен қамтылмаған. Қолданыстағы шайынды су тазарту кешенінің қуаты жетпей жатқан көрінеді. Осы жылы 7,3 млрд.теңгеге 19 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде қаланы кәріз жүйесімен қамту деңгейі 54 пайыздан 60 пайызға жетеді деп күтілуде. Даму жоспары бойынша 2025 жылы Шымқаланың кәрізбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетпек.

Ал, қала басшысының айтуынша 8 елдімекенде электр энергиясының сапасы төмен. Халықты сапалы электрмен қамту мәселесі 2025 жылы толығымен шешілетін болады. Ал биыл 16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде қамту деңгейі 97 пайыздан 99 пайызға жетеді. 

Сондай-ақ, 31 елдімекен газ қуаттылығының жеткіліксіздігі себебінен жартылай қамтылса, 8 елдімекен газбен мүлдем қамтылмаған. Ағымдағы жылы газбен қамту бойынша 6 млрд. теңгеге 18 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қамту деңгейі 93%-дан 94,7%-ға артады. Табиғи газбен қамту мәселесі 2025 жылы толық шешілмек.

Ал шаһардағы 747 әлеуметтік маңызы бар көшелердің 324-і жарықтандырылған. Осы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында 102 көшеге жарық тартылмақ. Нәтижесінде жарықтандыру деңгейі 43 пайыздан 57 пайызға жетеді. 2025 жылы 75 пайызға жеткізу көзделген.

Елдімекендердің инфрақұрылым жұмыстары қала басшысының назарынан тыс қалған емес. Жақында әкім  Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстарымен танысып қайтты. 8 мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары өткен  жылы басталған. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы 2 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр. 

Бірінші нысандағы 185,5 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйенің 72 пайызы орындалған. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың қараша айына жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгенде 17 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізбек. 

Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырым. Былтырғы  жылы басталған құрылыс, биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа берілмек. Қазір бұл нысанда жұмыстың 74 пайызы аяқталған. 

Ал Сәуле шағынауданы 276 орамда қазір инженерлік жүйелермен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Сапалы электр жарығын жеткізу үшін құрылыс жұмысы өткен  жылы басталған болатын. Ұзындығы 76,2 шақырымдық ішкі орамдық желі тартылады. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы орындалған. Шілде айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.  Нәтижесінде, 1300-ден астам абоненттің мемлекеттің тартып берген сапалы жарығын қолдануына мүмкіндік туады.

Ал табиғи газбен қамту үшін ішкі орамдық құбыр жүйесін тарту жұмысы осы жылдың шілде айында басталады. Газ жүйелерінің ұзындығы – 28 шақырым. Жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Асар-2 елді мекенінде де инфрақұрылым проблемалары біртіндеп шешіліп келеді. Айталық мұнда сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700- ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты. Алайда, шағынауданда инфрақұрылым жобаларына енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар. 

Жыл соңына дейін қалған аумақтарды ауыз сумен қамту құрылысының ІІ кезеңі аяқталмақ. Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тарту жұмысы атқарылып жатыр. 

Шағынауданның қалған бөлігін мемлекеттік жүйедегі электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы биыл атқарылады дейді мамандар. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар, Асар-2 ықшам ауданында кәріз құрылысы да қарқын алған. Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құраса, бүгінде оның 40 пайыздан астамы орнатылған. Нысан келер жылы қолданысқа беріледі.  Жалпы келер жылға 8 нысандағы құрылыс қалдырылып отыр. Солардың бірі, Тассай елдімекеніндегі жұмыстар. Жоба бойынша барлығы 110 шақырымды құрайтын кәріз құбырының, бүгінде 60 пайызға жуығы  тартылыпты. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «Сарыағаш-Аман» ЖШС жыл соңына дейін 90 пайыз жұмысты тәмәмдап, келер 2023 жыл нысанды толық аяқтамақ. Нәтижесінде, 12 мыңға жуық халық қосылады деп күтілуде.  

Қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту мақсатында биыл 16 нысанда құрылыс жүгізілуде. Олардың 2-еуі магистралды кәріз коллекторы болса, 1-еуі кәріз сорғы станциясы. Сондай-ақ,13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін 8 нысандағы жұмысты толық тәмәмдау жоспарланып отыр.