Тоғыз жолдың торабында жатқан Шымкент қаласында 2021-2025 жылдарға бекітілген іс-шара жоспары аясында әр жыл сайын 200 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді.
Биыл қала орталығындағы магистралды көшелер мен шалғай мекендерді қоса алғанда 190 нысан немесе 352 шақырым жолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.
Биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды 5 нысан пайдалануға берілмек. Атап айтқанда: Қонаев даңғылының жалғасын салу, 3 кезең бойынша құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталып, биыл шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда 90 пайыз жұмыстар атқарылып қалған. Екіншісі, А-2 автомобиль жолының 2 кезеңі бойынша сақина типті жолайрығының құрылысы жүргізіліп, қазіргі таңда жұмыстың 50 пайызы орындалған. Үшіншісі, Самал-1,2,3 шағын ауданының магистралды және қалаішілік көшелеріне 12,2 шақырым жол салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы іске асырылды. Төртіншісі, Рысқұлов -Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрығын салу жұмыстары жүргізіліп, жұмыстың 90 пайызы біткен. Бесіншісі Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысында жолаушылар өткелін салу жұмыстары бүгінде 90 пайызға аяқталып отыр.
Мамандардың мәліметінше бүгінгі күнге жобаларға барлығы 38 мердігер ұйым жұмылдырылған. Ал, 61 көшенің жол жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
Сонымен қатар биыл шаһарда Арғынбеков-Бәйдібек би жолайрығының құрылысы басталған болатын, нысан келер жылы аяқталады. Ал 2025 жылға дейін 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Қаладағы инфрақұрылымның қаншалықты дамығаны жолдардың жағдайымен де өлшенеді. Яғни, жол сапасы-барометр.
-Нәтижесінде Шымқалада жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі осы жылы 64,7 пайызға, 2025 жылы 79 пайызға жетеді,- дейді сала мамандары.
Ал, әуе көлігі жолаушыларына ыңғайлы жағдай жасау үшін жеке инвестор есебінен әуежайға жаңа терминал салынып жатыр. Құрылыс аяқталған соң, жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2000 адамға дейін өседі.
Таяуда Д.Қонаев даңғылының жалғасы көлік қозғалысы үшін ашылған болатын. Бүгінде аталған нысанда құрылыстың ІІІ кезеңі жүріп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Қонаев даңғылының құрылысын бақылап, жұмыс барысын тексерді.
Д.Қонаев даңғылы қаладағы көлік ағыны жоғары магистралды жолдың бірі. Қазіргі сәтте құрылысы аяқталмаған даңғылдың Терешкова көшесінен Бекет көшесіне дейін аралығы көлік ағынын оңтайландыру үшін іске қосылып отыр.
Құрылыс жобасы бойынша Қонаев даңғылының ІІІ кезеңінде ұзындығы 561,2 метр, ені 42 метрді құрайтын жол салынады. Жобаның үшінші кезеңі 2020 жылы басталып, жұмыс шеңберінде теміржол мен жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Сондай-ақ, жол жиегіндегі инженерлік жүйелерді ауыстырылады.
Құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында тұрақты түрде техникалық қадағалау эксперттері бекітілген. Ұлттық сапа орталығымен орындалған жұмыстар мен материалдарға сараптама жүргізіліп отырады.
Жақында Адырбеков көшесінің де бір бөлігі пайдалануға берілді. Жібек жолы көшесінен Иляев көшесіне дейінгі аралығы көлік жүргізушілері үшін уақытша ашылды. Жалпы Адырбеков көшесін қайта құру жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталып пайдалануға беру жоспарланған.
Көлік кептелісін азайту мақсатында жасалған техникалық ашылуға қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қатысты.
Ұзындығы 3,74 шақырымдық жол Алдияров көшесінен Т.Рыскұлов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жоба бойынша ені 23 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тротуар, жарық шамдар көзделген. Қазіргі сәтте жұмыстың 45 пайызы орындалған.
2018-2020 жылдары Рысқұлов көшесінен Жандосов көшесіне дейінгі аралықты қамтитын 800 метр жолға қайта құру жұмыстары жүргізілген. Бүгінде Жібек жолы көшесінен Тәуке хан даңғылына дейінгі аралықта қайта құру жұмыстары атқарылуда.
Ал Жібек жолы көшесінен Иляев көшесіне дейін асфальт төсемінің екінші қабаты төселіп, Иляев көшесінен Тәуке хан даңғылына дейінгі жерде инженерлік жүйелердің орны ауыстырылуда және жолдың қазаншұңқыры дайындалуда. Сонымен қатар, көшені күрделі жөндеуден өткізу үшін 23 жер телімі мемлекет иелігіне қайтаруды қажет етеді. Бүгінге дейін оның 1-і қайтарылып отыр. Қалған жерлер бойынша жұмыс процесі жүруде дейді жауапты мамандар.
Нысан құрылысы 2023 жылға өтпелі.