Жол – экономиканың күретамыры

Қысқаша

Жол – экономиканың күретамыры

Screenshot_5.jpg

Ел экономикасын дамыту үшін бүгінде көптеген жобалар іске асырылуда. Сондай жобалардың бірі – 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Көлік жолдарын жақсарту арқылы еліміздің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының сапасын көтеру және Қазақстан халқының көрсетілетін қызметтерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету  жобаның негізгі мақсаты болып саналады. 

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының көліктік байланыс саласының деңгейін көтеруге бағытталған екінші бағытында  екі міндет көзделген. Олар – ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысының сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Атап өтсек, ішкі көлік желісін дамыту бағдарламасы аясында 11 мың шақырым республикалық маңызы бар, 27 мың шақырым жергілікті жолдарды жаңадан салу және қайта жөндеуден өткізу жоспарланған. 2025 жылға дейін атқарылатын осы жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығы, сондай-ақ жергілікті жолдардың 95 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілетін болады. Сонымен бірге, қолға алынған жоба аясында Ұлттық стандартқа сәйкес, автокөлік жолдарының бойына екі жарым мыңға жуық сервистік нысандар салынады.

Ұлттық жобаның екінші бағыты бойынша Шымкент қаласында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Үшінші мегаполисте  алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 70-80 пайызға артады. Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған. 

Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеуден өтіп, жыл соңына дейін 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады деп күтілуде. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-інде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Республика, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Он магистральды көшенің төртеуі жаңа, алтауы өткен жылдан өтпелі құрылыстар.

Айта кетейік, жол құрылысы саласында өткен жылы орталық көшелердің құрылысына басымдық берілсе, осы жылы ішкі орамдық көшелерді жөндеу қолға алынып отыр. Сондай-ақ, қалада биыл 122 шақырым жолға шағал тас төселеді. Ал шалғай жатқан елді мекендердің арасындағы жолдың жайы 2025 жылға дейін жақсарып, толық асфальтталады. 

Қалада, әсіресе маңызды автомобиль жолдарына аса мән берілуде.  Айталық А-2 автомобиль жолында қазір құрылыстың ІІ кезеңі жүруде. Ұзындығы 2,48 шақырым жол Ынтымақ шағын ауданынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты құрайды. Жоба бойынша ені 30 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тратуар, жарық шамдар көзделген. Қазіргі таңда сақина типті жолайрығының құрылысы жүргізілуде. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. 

Сонымен қатар, жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары мен Барыс базары маңында сақиналы жолайрықтың жол негізі жасалып жатыр. 

А-2 жолының IV кезеңі Темірлан тас жолынан Бадам өзені көпіріне дейінгі жолдың ұзындығы 1,86 шақырымды құрайды. Жобаға сәйкес автомобиль жолының ені 35,5 метр, 6 жолақты, ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ және тротуар салу көзделген. Бүгінде құрылыстың 40 пайыздан астамы орындалып, жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған.  Қазіргі уақытта мамандар  жерді мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстарын жүргізуде. Бүгінге дейін 47 жер телімінің 9-ы қайтарылыпты. Сондай-ақ, жолдың бір жақ бөлігінің жер негізін жасау жұмыстар атқарылуда. 

Шымкенттегі  «Оңтүстік» айналма жолда да  құрылыс қыза түскен. Жауаптылардың айтуынша,  айналма жолдың құрылысы Ленгір тас жолынан КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейін жүргізіледі. Жол құрылысының ұзындығы – 16 шақырым. Құрылысты «Корпорация Береке-А» мердігер мекемесі жүргізуде. Жоба бойынша айналма жолдың Шымкент-Ташкент тасжолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жол жабынының жерді қысымдау жұмысы атқарылуда. Құрылыс нысанының 6 учаскесінде жолдың негізін дайындау, қазу жұмыстары қолға алынған. Биыл жолайрық құрылысы, байланыс, электр, газ, сыртқы сумен қамту жүйелерінің орны ауыстырылуда. Жобаға сәйкес 4 орыннан жауын суына арналған Д1000, Д1500 құбырлары орнатылып жатыр.  Қазіргі кезде 6 учаскеде 14 экскаватор, 45 самосвал, 8 каток, 5 грейдер, 1 бульдозер, 4 водовоз, 3 погрузщик, 1 бензовоз, жалпы саны 81 техника қызмет көрсетуде.

Шымқаладағы маңызды жол құрылысының бірі –  Бәйдібек би – Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрық. Қазіргі таңда жолайрық құрылысы қарқынды жалғасуда. 2022-2023 жылдар аралығына жоспарланған үш деңгейлі жолайрықта Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Құрылыс жоспарына сәйкес ені 80 метрлі 4-6 жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек.  Мегаполистегі маңызды магистраль құрылысына бюджеттен 13 миллиард теңге қаралған. Қазір мұнда инженерлік желілерді көшіру жұмыстары атқарылуда. Жауаптылар, нысан құрылысы 3 кезеңге бөлініп, қарастырылғанын айтады. Құрылысқа жауапты – «ҚазақДорСтрой» ЖШС. Мердігер мекеменің бұған дейін жол саласында тәжірибесі де мол. Құрылыс нысанында қазіргі таңда 20-дан астам техника мен 110-нан астам жұмысшы жұмыс істейді. Жауапты мекеме өздеріне жүктелген міндетті уақытында аяқтауға бекініп отыр. «Бізге бекітілген жоспарға сәйкес, Арғынбеков көшесіндегі тоннель бөлігін қыркүйек айына дейін аяқтаймыз. Тоннельді көлік қозғалысына ашқан соң, Бәйдібек би көшесі бойынша эстакада жұмыстарына кірісеміз. Қазір жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр. Инженерлік желілерді көшіру толықтай аяқталған соң, біздің де жұмысымыз біршама қарқын алады деп ойлаймын»,– дейді «ҚазақДорСтрой» ЖШС өкілі Қуаныш Әлмұханбетов.

Сондай-ақ, жолайрық құрылысы үшін жекенің меншігіндегі 52 нысан мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Жауаптылардың айтуынша, кәсіпкерлік субъектілерінің қатарында үлкен нысандар жоқ, тек олардың автотұрақтары мен тұрғын үй аулалары. Бүгінде олармен ортақ мәміле жасалған. Мамандардың айтуынша, бұл жолдардың құрылысы аяқталғанда қанағаттанарлық жағдайдағы сапалы жолдардың үлесі айтарлықтай артады.

Қазір Қонаев даңғылы қайнаған құрылыстың ортасы болып тұр.  Қаладағы ірі жолайырық та осында салынуда.  Нысанның  айналма жолында қазіргі таңда жол жамылғысының беткі қабаты салынып жатыр.  Сондай ақ, инженерлік желілерді орнын ауыстыру, мемлекет мұқтажына алынған үйлерді сүру жұмыстарымен қатар ұзындығы 0,561 шақырымды құрайтын үшінші кезеңі бойынша қазіргі уақытта жол мен аяқ жолдардың негізін әзірлеу, абаттандыру және жер үсті жаяу жүргінші өткелін жасау жұмыстары атқарылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов орындалған әрбір жұмысқа зертханалық сынақтамалар жүргізіп, сапасы тексерілуін қадағалауға алған. Жауапты мамандар Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырық толық пайдалануға берілген соң Шымкенттегі алғашқы толыққанды жолайырық болады деп отыр.

Қаладағы Ғ.Иляев көшесі – көлік ағынының қарқындылығына байланысты магистралды көшелердің бірі саналады. Аталмыш көшеде, қазіргі уақытта Сасбұқаев көшесінен Бейбітшілік көшесіне дейінгі аралықта, жалпы ұзындығы 2,7 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.  Жобаға сәйкес, аумаққа асфальт-бетон қабатын фрезалау, тегістеу және қиыршық тас төсеу қаралған. Сонымен қатар, көше бойында ені 2 метрлік жаяу жүргінші жолы және Қонаев даңғылынан Бейбітшілік көшесіне дейін 1,5 метрлік веложол салу жоспарланған.  Ғ.Иляев көшесінің құрылыс жұмыстары «Корпорация Береке – А» ЖШС тарапынан атқарылуда. Техникалық қадағалаушы – «Tech Build» ЖШС-ы.

Жол қаланың күретамыры сияқты. Адам ағзасындағы тамырмен қан қалай еркін айналса, сол секілді қозғалыс еркін жүретіндей етіп жолды да кеңейтіп отыру керек. Себебі, көлік қозғалысы қиындаса – қала тіршілігінің ырғағы да, мегаполис экономикасының негізі де тұралап қалады. 

Ұлы Жібек жолының бойынша орналасқан көне Шымқала бүгінде көрші Өзбекстан мен республиканың бірнеше облыстарымен жалғанып жатқан  ірі шаһар.  Сондықтан  қаланың логистикалық әлеуетін арттыратын күре жолдардың мәселесі күн тәртібінен түспек емес.