Шымкент - мәдениет пен экономиканың, өнеркәсіп пен кәсіпкерліктің ірі орталығы. Үшінші мегаполис аз уақыттың ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы шаһарлары секілді өз қажеттілігін өзі өтей алатын донорлық өңірге айналып келеді.
Қала өзін-өзі асырау үшін ең алдымен кәсіпорындарды көбейту қажет. Ал жобаларды іске асыруда инвестицияның маңызы зор. Осы ретте Шымқалада ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, индустриялды аймақтардың қатары көбейіп келеді. Мамандардың мәліметінше шаһарда жалпы аумағы 743 га құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд.теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
Қазіргі таңда қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұмыстары басталып кетті.
Соның бірі елімізде алғаш рет, жалпы алаңы 306 га құрайтын - «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Бүгінде алаңның 260 га жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтарылды. Қазір мұнда инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде. 5 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Өткен жылы құрылған аймақта 608 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 5,8 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобаларды осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Онымен қоса бүгінгі таңда 17 жобаға жер телімдері беріліп, инвесторлар жұмыстарын бастап кеткен. «Жұлдызда» жұмысын бастауы тиіс компанияның бірі қытайлық “PENG SHENG” керамикалық тақталар өндіру зауыты. Аталған зауыттың инвестиция көлемі 30 млн. АҚШ долларын құрайды. Зауыттың жылдық қуаттылығы 10 млн. м2 керамикалық тақталар шығарады. Жоба аясында шамамен 300 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өндірілген өнім негізінен ішкі нарыққа және экспортқа бағытталған. Айта кететіні аталған қытайлық компания 2009 жылы Өзбекстан елінде керамикалық тақталар өндіру зауытын іске асырған.
Одан бөлек «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясында жұмыс істейтін зауыт-фабрикалар орналасады. Жалпы «Жұлдыз» индустриалды аймағы Шымкент қаласының тарихындағы ең үздік жобалардың бірі болмақ.
Екінші жоба аумағы 132 га құрайтын «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Басты бағыты - ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта терең өңдеу. Нақтырақ айтқанда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндіру зауытын және сүт өндіру зауытын салу жобаларын жүзеге асыру, сонымен қатар шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, сүрлейтін жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта аймақта 21 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда 7 млрд. теңгеге 6 жобаны іске асыруға жер телімдері ұсынылған.
Үшінші жоба - «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту. Бүгінге жобаны кеңейту бойынша қосымша 175 га жер учаскесі анықталды. Нысан 2010 жылы іске қосылған. Сол жылы бұрынғы фосфор зауытының аумағын тазартып, оған көлік және инжинерлік инфрақұрылым желілерін тартуға бюджеттен 6 миллиард 800 миллион теңге қаржы жұмсалды. Шымкенттегі алғашқы индустриалды аймақ көп ұзамай өзін-өзі ақтай бастады. Алғашқы 5 жылдың өзінде мұнда 35 кәсіпорын жұмысын бастаса, бүгінде бұл көрсеткіш 72-ге жетіп отыр. Индустриялды аймаққа жалпы 62 миллиард теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда онда 4500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Инвестициялық портфель жалпы құны 116,9 млрд теңге болатын 52 жобадан тұрады. 2022-2024 жылдары жалпы инвестиция сомасы 62,02 млрд теңге болатын 22 жоба іске қосылады деп күтілуде. Нәтижесінде жаңадан 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады.
Республикада алғашқылардың бірі болып ашылған аймақтың ерекшелігі мұнда шағын және орта бизнес кәсіпорындары шоғырланған тоқыма кластері жұмыс істейді. Олардың қатарында кілем және кілем бұйымдары бойынша ірі қазақстандық өндіруші «Бал Текстиль», мақта иірімін шығаратын фабрика «Azala Cotton», жіптен дайын өнімге дейінгі өндірістің толық циклін қамтитын «Azala Textile» фабрикасы, целлюлоза өндіруші «Хлопкопромцеллюлоза», «Әлем-БТ» шұлық фабрикасы және тағы басқалары бар. Одан бөлек сұранысқа ие құрылыс материалдарын, өндірістік электр құралдарын, мотор майын және өзге де тауарлар өндіретін заманауи кәсіпорындар орналасқан. Мәселен, машина жасау саласында трансформаторлар өндіретін «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа зауыты 2019 жылы іске қосылған. Зауытта Швейцария мен Германияның озық еуропалық заманауи технологиялық жабдықтары орнатылған. Өндірісті басқару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Компанияның өнімдері барлық еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Өндірілген өнімдердің 60 пайызы ішкі, ал, 40 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады екен.
Бүгінгі таңда аталған арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындарда өндірілетін тауарлар әлемнің 23 еліне экспортталады және үлкен сұранысқа ие.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі - Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының Орталық Азиядағы ресми өкілдігі мәртебесін иелену болды. Бұл мәртебе әлемнің жетекші экономикалық аймақтарымен ынтымақтастық орнатуға, инвестицияларды тарту және озық зерттеулерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ 2018 жылы «FDi Magazine» атты халықаралық беделді аналитикалық басылымы рейтингісінің сарапшылары «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясын - тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, өндіріс көлемін арттыру, экспорт аясын кеңейту, халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынастар орнату, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу бағыттарындағы жүргізілген жұмыс нәтижелерін ескеріп, алты номинацияда көшбасшы жариялағанын айта кетейік. Атап айтар болсақ: «CHINA STRATEGY» -«Қытай стратегиясы»; «EXPANSIONS»- «Өндіріс көлемін кеңейту»; «MARKETING SLOGAN»- «Үздік жарнама ұраны»; «CHARITY INITIATIVES»- «Қайырымдық бастамалары»; «COMMUNITY OUTREACH AWARD»- «Ақпараттық қызмет»; «EDITOR’S CHOICE: ONE’S TO WATCH»- «Редактордың таңдауы: Болашағы бар арнайы экономикалық аймақ» номинацияларында үздік атанды. Халықаралық рейтингтің тарихында тұңғыш рет, Қазақстандық арнайы экономикалық аймақ бір емес, бірнеше номинацияда жеңімпаз атанған болатын.
Айта кетерлігі, арнайы экономикалық аймақтың резиденттеріне бірқатар инвестициялық жеңілдік қарастырылған. Мысалы, дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесін қосалқы жалдау, сонымен қатар жер, мүлік салығынан және корпоративтік табыс салығынан босату. Сондай-ақ АЭА резиденттері импортталатын шикізат пен жабдыққа кедендік баждарды, импорттық ҚҚС төлеуден босатылады.
Үшінші мегаполисте жүзеге асуы тиіс төртінші жоба - «Стандарт» жекеменшік индустриялық аймағы. Бұл аймақтың ерекшелігі - инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік басқармасы мамандарының сөзінше индустриалық аймақтарда кәсіпорындарға үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер уческелері ұсынылады. Бизнес өкіліне жобасын жүзеге асыру үшін нағыз керегі осы жер телімі. Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай жер учаскелеріне мемлекет тарапынан инженерлік жүйелерге қосылу нүктелері тартылған.
Айта кетейік, Шымкентте жұмыс істеп тұрған 1 арнайы экономикалық, 2 индустриалды және 1 көлік-логистикалық аймақта 123 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Аталған аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын тартуға бюжеттен бөлінген әр теңгеге 22 теңгеден инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде бұл зауыт-фабрикалар мемлекеттік бюджетке 36 миллиард теңгеден астам салық төлеген.
Мамандардың мәліметінше өткен жылы қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 пайызға артып, 710 миллиард теңгеге жеткен. Ал, қала экономикасына тартылған тікелей инвестицияның көлемі 2021 жылы 65 пайызға артып, 462 миллиард 100 миллион теңгеге жеткен.
Осылайша индустриалды аймақтар мен мен АЭА қала экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Шын мәнінде индустриялды және арнайы экономикалық аймақтар қала экономикасын өрге сүйреуші негізгі драйвер болып саналады.