Импорттың орнын отандық өнім басады

Қысқаша

Импорттың орнын отандық өнім басады

Screenshot_3.jpg

Шымкент қалалық әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда,  жалпы  мегаполисте 2025 жылға дейін құны 527 миллиард теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс. Соның нәтижесінде 7 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Осы жобалар арқылы шығарылатын тауарлардың барлығы да қалаға сырттан келетін импортты алмастырады. Яғни шетелден келетін тауарлардың орнын отандық өнім басады деген сөз. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 493 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 319 миллиард теңгенің импортын алмастыратын болады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осы ретте алдағы уақытта Шымкентте  экспортқа 153,2 миллиард теңгенің өнім шығарылады деп жоспарланған.    

Биыл жүзеге асуы тиіс 5 инвестициялық жобалардың бірі  «Karlskrona» компаниясы құны 26 млрд. теңгені құрайтын гидравликалық насостар өндірісі жобасын жүзеге асырады. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Одан бөлек ағымдағы жылы өзбекстандық инвестордың қатысуымен «Orient Ceramic» компаниясы жұмысын бастамақ. Жобаның  құны 13 млрд. Теңгені құрайды. Кәсіпорын керамикалық тақталар өндірісімен айналысады. Жоба іске асқан жағдайда 300-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. 

Шымқалада  инвесторлар тек кәсіпорын, зауыт салуға құлшыныс білдіріп отырған жоқ.  Сонымен қатар денсаулық сақтау саласының өркендеуіне де ат салысуға ниетті. Соның жарқын көрінісі биыл инвесторлардың қатысуымен шаһарда 1 000 орындық көпфункционалды университеттік клиника мен заманауи емхана жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі 120 млрд.теңгені құрайды. Онда  3 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадан өтуде дейді мамандар. 

Үшінші мегаполисте биыл жүзеге асқалы отырған бесінші жоба - «Asia Trafo» компаниясы. Жобаның құны 7 млрд. теңгені құрайды. Ірі кәсіпорын  трансформатор өндірісімен айналысады. Жоба аясында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары кернеулі реакторлар шығарылатын болады. 

Мамандардың айтуынша Шымқалада жыл соңына дейін 538 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, 2021 жылмен салыстырғанда 16%-ға артады деп күтілуде. Ал биыл өңдеу өнеркәсібі саласында құны 83 млрд теңгеге 25 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде, 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. 

Президенттің тапсырмасы бойынша биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылған болатын. Аталған пул тоқсан сайынғы негізде жаңартылып, министрліктер мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды. Бүгінгі таңда пул жалпы көлемі 24,4 трлн теңгені құрайтын 765 жобадан тұрады және 112 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Көптеген жобаларды іске асыру 2025-2026 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Осы жылы 3,2 трлн теңге сомасына 306 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. 

Президенттің тапсырмасына сай Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында инвестициялық жобалардың 2025 жылға дейінгі пулы әзірленген. Оған жалпы құны 2 триллион 600 миллиард теңгені құрайтын және 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 242 жоба еніп отыр. Соның ішінде 159,7 миллиард теңгелік 50 жоба биыл іске асады деп күтілуде.

Салаға жауапты мамандардың мәліметінше қаладағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына 13,3 млрд.теңге қарастырылған. Бүгінде 4,1 млрд. теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде 944 млн.теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн.теңгеге19 жоба қаржыландырылды.

Сонымен бірге, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қолжеткізуі үшін «Shymkent–Atameken»микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн.теңгеге дейін 6 пайыздық несие беріледі. Жыл басынан бері 86 жоба қолдау тапқан. 

«Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілуде. 

Айта кетейік, Шымкент қаласына инвестиция тарту және инвесторларды қолдау мақсатында «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының «Shymkent Invest» инвестициялар тарту департаменті құрылған. Департаменттің негізгі қызметі — қала экономикасын жан-жақты талдау; қала тұрғындары және қонақтарына қажетті инвестициялық жобаларды анықтау; сол жобаларға инвесторлар тарту; өздігінше (өз жер телімінде) жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды қолдау.

Қазақстандағы қуатты қалалардың біріне айналған Шымкенттің экономикалық және әлеуметтік қарқыны мықты.  Инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Осы орайда инвесторларды қызықтыра алып отырған Шымқала алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.