Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз су және кәріз жүйесімен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында іске асырылуы тиіс.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында Шымкент қаласының аумағы ұлғайып, жаңадан қосылған елді мекендер саны артты, мегаполис мәртебесін алған қала халқының саны үш есе өсті. Жаңа шағын аудандар бой көтерді. Қарқынды даму үстіндегі шаһарда коммуналдық мәселенің болары да анық. Қала басшылығы бұл бағыттағы түйткілді мәселелерді шешу үшін жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Себебі инженерлік инфрақұрылым қала дамуының фундаменті болып табылады. Сала жобаларының уақытылы және сапалы жүзеге асырылуы қалалық қызметтердің басым бағыттарына жатады.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында үшінші мегаполисте өткен жылы ауқымды істер атқарылған болатын. Әсіресе, әрбір тұрғынға лайықты өмір сапасын қамтамасыз ету мақсатында бірінші кезекте ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына басымдық берілді. Себебі тіршілік нәрі сусыз адамның тұрмыс-тіршілігі қиындайтыны сөзсіз. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен, 3 елді мекен кестемен (Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ) қамтамасыз етілген. Тек 2021 жылдың өзінде әкімдіктің жүйелі және сапалы жұмыстары нәтижесінде қамту көрсеткіші 95,6%-дан 98%-ға жеткен. Былтыр ауыз суға байланысты 14 жоба толық аяқталды. Оның 11-і ішкі орамдық жүйе, үшеуі 30 шақырымды құрайтын магистралды суаққы. Тұран, Асар-2, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңа тұрлан, Солтүстік саяжай, Ақтас, Жаңаталап, Сәуле, Нұртас сынды 10 елді мекенге ауыз су жеткізілген. Мәселен, былтырға дейін суды кестемен пайдаланып келген Сәуле шағын ауданының жаңақұрылыс аумағында орналасқан 276 орамның мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Ондағы 1228 абонент үздіксіз мемлекеттік жүйедегі суды тұтынатын болды. Мердігер мекеме «АГАТ» тарапынан құрылыс 2021 жылдың маусым айында басталған болатын. Қазіргі таңда 54,9 шақырым су құбыры тартылып, тұрғындар игілігін көруде.
Сондай-ақ өткен жылы Батыс шағын ауданының тұрғындары да ауыз суға қол жеткізген еді. Мұндағы құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС-ы жүргізіп, ұзындығы 151 шақырымды құрайтын ауыз су құбырын тартты. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталған болатын. Бүгінде 10 мыңға жуық тұрғын таза сумен қамтылып отыр. Мұндағы халық бұған дейін ауладағы құдық суымен және тасымалды суды пайдаланып келген.
Жеті жылдан астам уақытта ауыз суды тасып ішіп келген Асар-2 шағын ауданы да былтыр сапалы ауыз сумен қамтылды. Тұрғындарды сапалы ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылдың маусым айында құрылыс жұмыстары басталған. Құны 1,5 млрд теңге болатын құрылысты мердігер мекеме «Сарыағаш Аман» жүргізді. Ауыз су желісінің жалпы ұзындығы 156,1 шақырымды құрайды. Нәтижесінде шағын аудандағы 11060 адам сапалы ауыз суға қосылды.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбековтің айтуынша, үшінші мегаполистің 5 жылдық даму жоспарына сәйкес ағымдағы жылы салада 76 жобаны жүзеге асырылу көзделген. Оның ішінде ауыз суға қатысты – 4 жоба. Олар Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 2 - кезек, Нұртас ВС. Қазіргі таңда қалада ауыз су бағыты бойынша барлығы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Таяуда қала әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары барысымен танысып қайтқан болатын. Мұнда «Риголит» мердігер мекемесі тарапынан сапалы ауыз сумен қамту мақсатындағы құрылыс былтыр басталған. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы 2 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Бірінші нысандағы 185,5 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйенің 54 пайызы орындалған. Жоба үшін өткен жылы 747,2 млн теңге қаржы қаралса, биыл 2 040,4 млн теңге бөлініп отыр. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың қараша айына жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгенде 17 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы –151 шақырым. Өткен жылы басталған құрылыс, биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Қазір бұл нысанда жұмыстың 58 пайызы аяқталған. «Мемлекет басшысы әрдайым бірінші кезекте халықтың жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруын басты назарда ұстайды. Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жасалатын жұмыстардың бірі коммуналдық – инфрақұрылымды дамыту. Бұл мәселе қаламызда кезең-кезеңімен шешімін табуда»,– дейді қала әкімі. Шалғайда орналасқан елді мекендерді дамыту мәселесі басты назарда екенін тілге тиек еткен мегаполис басшысы Арғымақ шағын ауданындағы инфрақұрлым жұмыстарының барысын да тексерді. Шағын ауданда қазір 200-ден астам халық қоныстанған. Инфрақұрылым жүйелерін жүргізу жұмысы рет-ретімен атқарылуда. Арғымақ елді мекені мемлекеттік жүйедегі электр қуатымен толық қамтылған. Көгілдір отын жеткізу жұмыстары жүруде, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі сәтте ауыз сумен қамту жұмысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Елді мекенде жалпы 80 жеке тұрғын үй бар. Нысанның қуаттылығы 405 үйге тіршілік нәрін жеткізуге қауқарлы. Өткен жылы басталған жоба барысында ұзындығы 6800 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, тұрғын үйлерге қосу жұмысы жүргізілуде. Қалған бос жер телімдеріне су жүйесі тартылған, керек болғанда қосу мүмкіндігі бар.
Салаға жауапты мамандар 2022 жылдың қорытындысымен 11 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтылатынын айтуда. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Еңбекші ауданы елді мекендерінің жаңа құрылыс аумағында орналасқан елді мекендеріне су жүйесін тарту жұмысы да жоспарланып отыр. Нәтижесінде биыл қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98%-дан - 99%-ға өседі деп күтілуде. Ал 2022 - 2023 жылдары аралығында ауыз суды кестемен пайдаланатын 2 елді мекенде (Сайрам, Қайнарбұлақ) құрылыс және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2023 жылдың қорытындысымен ауыз сумен қамту көрсеткіші 100%-ға жететін болады.
Ал елді мекендерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін биылғы жылға жоспарланған 13 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 6,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Жүргізілген құрылыс жұмыстарының үшеуі магистралды кәріз коллекторы болса, 10 елді мекенге ішкі жүйелер тартылды. Нәтижесінде Тұран шағын ауданындағы кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, ондағы көп қабатты тұрғын үйлер жүйеге қосылды. Наурыз шағын ауданының 3,5 мың және Самал-1 шағын ауданында 22 мыңдай тұрғын кәріз жүйесіне қосылды. Сөйтіп кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 52,3 пайыздан - 54 пайызға өсті. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында келер жылы 5 магистралды және 12 елді мекенге ішкі жүйелерді тарту жұмыстары жүргізілмек. Оған қаралған қаржы 6,4 млрд теңгені құрауда. Атап айтқанда, 2022 жылы Самал -2,3, Достық, Асар-2, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Тассай, Солтүстік шығыс, Тұран, Қайтпас-1,2, Солтүстік-Батыс елді мекендерде құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Жыл қорытындысымен 1 магистралды және 12 елді мекенде ішкі жүйелердің құрылыс жұмыстары аяқталып, 66 мыңға жуық адам кәріз жүйесімен қамтылады. Нәтижесінде көрсеткіш 54%-дан, 60%-ға дейін өседі. 2022-2025 жылдары қаланың оңтүстік, солтүстік бөлігін кәріз жүйесімен қамту үшін дамыту жоспарына сәйкес, 2 дана кәріз – тазалау имаратының, магистралдық коллекторлардың және елді мекендердің ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жалпы 2025 жылға 75% қамту көрсеткішіне қол жеткізу көзделуде.
Мегаполистің басты талабы – қала орталығы мен шет аймақтағы тұрғын алаптарындағы халықтың тұрмыс-тіршілігінде, инфрақұрылымдық жүйесінде айтарлықтай айырмашылық болмауы тиіс. Сондықтан да Шымкент қаласының аумағына енген елді мекендердегі өзекті мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Соның нәтижесінде келесі жылы үшінші мегаполистіктер ауыз сумен толығымен қамтылса, ал кәріз жүйелерімен қамту жұмыстары алдағы жылдары жалғасын таба бермек.