Жәрмеңке-мүмкіндіктер алаңы

Қысқаша

Жәрмеңке-мүмкіндіктер алаңы

Screenshot_6.jpg

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, алдағы 5 жылда Қазақстанда беделді деген халықаралық 5 ЖОО филиалын ашу, халық тығыз орналасқан өңірлердің жастарына гранттар бөлу, әскери борышын өтеуге ынталандыру, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу мерзімін ұзарту, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті грантты 400 АЕК-ке дейін ұлғайту бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бұл елімізде жұмыссыздықпен күрестің құралы әрі жастарға берілген үлкен мүмкіндік екенін естен шығармаған жөн. 

Осы ретте Шымкентте қала күніне орай «Арбат» алаңында жұмыссыз азаматтарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аталған іс-шараға мегаполис  әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.

Жәрмеңкеде шаһардағы 100-ге жуық жұмыс беруші мекемелер қатысып, 5000-нан аса жуық медициналық, техникалық және педагогикалық мамандықтары бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда, «Арт-құрылыс», «Каз Транс Аймақ», «Halyk Bank» АҚ, «Magnum Cash Carry», «Назар Текстиль» және т.б қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар мен мектеп, бала-бақшалар. 

«Мүмкіндіктер алаңында» сөз сөйлеген  М.Әйтенов осындай шаралардың арқасында жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетінін айтты. «Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Қазіргі кез келген мемлекеттің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі – сол елдегі әлеуметтік жағынан, сонымен бірге жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Бүгінгі қала тұрғындарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыс іздеп жүрген азаматтардың санын азайтып, жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір мүмкіндік».-деді М.Дүйсебекұлы. 

Шара барысында қала тұрғындарына, халықтың осал топтарына да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» және т.б. уақытша жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілерге қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, онда жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек, және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді. Сонымен қатар, Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша әр өңірдің өкілдері қала азаматтарын ақпараттандырды.

Жалпы, жыл басынан бері Ұлттық жоба шеңберінде 7 мыңнан астам шымкенттіктер жұмыспен қамту шараларына қатысты. Оның ішінде  160-ы алғашқы жұмыс орны жобасына қатысып, 100-ден аса азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан. Ал, 226 шымкенттік жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды. 

Шымкент қаласында әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне аса ден қойылуда. Өйткені  жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны, ол қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін. Яғни, жұмыссыздық тек экономикалық тұрғыдан тиімсіз емес, сонымен қатар жастардың әлеуметтік жағдайына, психологиясына да кері әсер етеді. Міне, осындай жағдайлардың алдын-алу үшін елімізде жастарды жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүргізіліп келеді.  Жұмыссыздықпен күресте әсіресе «Еңбек» бағдарламасының еңбегі зор. Аталмыш бағдарламаның «Жастар практикасы» жобасы аясында бүгінде үшінші мегаполистің талай жастары түрлі мекемеде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап әрі қаржылық жағдайын реттеп отыр. Мәселен жыл басынан   бері 

қалада  жұмыспен қамтылған жастардың қатарында 991-і «Жастар практикасымен» түрлі мекемелерге жолдама алған.  

Солардың бірі шымкенттік - Гүлнәр Асылова. Ол 2019 жылы қаладағы М.Сапарбаев атындағы “Парасат” колледжін “Дизайнер” мамандығы бойынша бітірген. Алайда, мамандығы бойынша жұмыс таппай жекеменшік балабақшалардың бірінде күтуші болып жұмыс істеген. “Жастар практикасы” бағдарламасы туралы халықты жұмыспен қамту орталығының instagram парақшасынан оқып, құжат тапсыруға бел буады. Талпынысы бекер емес екен. Гүлнәрға осы жылдың ақпан айында Шымкенттегі дизайнерлік тігін шеберханалардың біріне жұмысқа жолдама беріледі. Қазіргі таңда ол жұмыс жасайтын өндіріс орны тапсырыс арқылы түрлі киімдер тігеді. «Талпынған жасқа жол қашанда ашық. Мамандығым бойынша жұмыс тапқаныма өте қуаныштымын. Айлығым уақтылы төленеді. Азсынбаймын. Тәжірибе жинақтаудамын. Тиісті мерзім аяқталып осы мекемеде тұрақты жұмысқа қалсам деген жоспарым бар», - дейді жас маман.

Бағдарламаның шарапатын көрген  жастардың қатарында Мөлдір Сағындық та бар. 19 жастағы жас маман осы жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжін “Тоқыма трикотаж галантерия бұйымдары” (технолог) мамандығы бойынша тәмамдаған. Дипломын алған бойда қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыссыз жас ретінде (29 жасқа дейін, 2020, 2021, 2022 жылдары ЖОО немесе кәсіптік колледжді бітірген) тіркелген. Орталық мамандары оған қаладағы “Жеті қазына kz” серіктестігінің тігін цехына мамандығы бойынша жолдама берген. Бүгінде ол аталған өндіріс орнында текстиль бұйымдарын тігіп, тәжірибе жинақтауда. 

Ал “Жастар практикасымен” жұмыс тапқан Сандуғаш Жапектің мамандығы мейірбике. Ол Түркістан медицина колледжінің түлегі. Қазір қаладағы № 24-ші “Алма” бөбекжай-балабақшасында мейірбике болып жұмыс жасауда. Жас маман аталған мектепке дейінгі мекемеге ағымдағы жылдың сәуір айында жолданған. «Оқуды тәмамдаған соң бірден “Жастар практикасы” бағдарламасына қатысуға бел буып қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына бардым. Жұмыссыз жас ретінде тіркеліп, қажетті құжаттарды өткіздім. Көп ұзамай маған бөбекжай-балабақшасына жолдама берді. Жұмысым жақсы. Балалардың, қажет болса қызметкерлердің денсаулығын қадағалаймын. Алғашқы ем-домын жасаймын. Болашақта емханада жұмыс жасап, қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлес қосқым келеді», - дейді ақ халатты абзал жан. 

Ақсәуле Әбішева болса  М.Сапарбаев атындағы институтын “Бастауыш сынып” мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұған дейін өз мамандығымен жұмысқа орналаса алмағандықтан аталған бағдарламамен бағын сынауды жөн көріп, нәтижесінде қаладағы №128-ші жалпы орта мектебінде тәжірибеден өтіп, шәкірттерге білім беріп жүр. Еуразия ұлттық университетінің түлегі  шымкенттік Ерлан Ескермес те өз орнын мектептен тапты.  Жас маманға 

 Әл-Фараби атындағы академиялық мектепке жұмысқа жолдама берілген. Оған аталған білім ошағында тәлімгер бекітіліп,  бүгінде жоғары сынып оқушыларына математикадан дәріс беру, оқушыны ҰБТ-ға дайындау процестерін үйреніп, тәжірибе жинақтау үстінде.  “Жастар практикасы” оқуын бітірген жас маманға тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік. Сондай мүмкіндікті қалт жіберіп алғым келмеді. Қазір мектепте жұмыс істеп жатырмын. Өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, жұмысымды тиянақты атқарсам, мүмкін осында тұрақты жұмысқа да қабылдап алып қалулары мүмкін», - дейді математик. 

Ас әзірлегенге жаны құмар  Айсана Құралбай аспаз мамандығын меңгерген. Оқуын аяқтаған ол біраз уақыт ауылдағы мектепте аспаз болып тәжірибе жинақтаған. Осы жылдың басында “Жастар практикасы” бағдарламасы барын біліп қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарын өткізген. Өз кезегінде орталық мамандары Айсанаға мамандығы бойынша жұмыс тауып, жолдама ұсынған. Қазіргі таңда жас маман Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы академиялық мектепте аспаз болып еңбек етіп жүр. Ол онда оқушылардың түскі асын дайындап, мектеп асханасындағы сөрелерге түрлі тәттілерді пісіреді. «Оқуын тәмамдап мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген жастарды бағдарламаға қатысуға шақырамын. Қатысу мерзімі аяқталған соң барған жеріңде тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік мол. Ол үшін аянбай еңбек етіп, өзіңді жақсы қырыңнан көрсетсең болғаны», - дейді Айсана.

Айта кету керек, “Жастар практикасы” бағдарламасының мерзімі  бұрын 6 ай болса қазір 12 айға ұзартылды. Айлық жалақысы да біршама артып 91 899 теңгені құрап отыр. Бағдарлама талабына сай, қатысушының жасы 29-дан аспауы тиіс және «жұмыссыз» мәртебесі болуы шарт. Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша соңғы үш жыл ішінде (2020-2022ж.) еңбек өтілі жоқ жоғарғы оқу орындары мен колледждердің түлектері қатыса алады. 

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше 2022 жылы “Жастар практикасы” бағдарламасына 2098 жасты қамту жоспарлсанса, жыл басынан мыңнан астам  жас жолдама алып, олар барған жерлерінде еңбек етуде. Ал  өткен жылы Шымкентте 2500-ден астам жас аталмыш  бағдарламамен жұмысқа жолданған. Олардың 1300-дейі барған жерлерінде тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жалпы мегаполисте  жастарды жұмысқа тарту шаралары жүйелі атқарылып келеді. Айталық шаһардағы жұмыс істеуге және білім алуға қызығуы төмен жастар үшін мобильді топ құрылған. Өткен жылы арнайы топ өкілдері елді мекендерді аралап, 10 мың жаспен кездессе, биыл 15 мың жасқа түсіндіру жұмысын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, осы жылы 18 мың жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр.