Инвесторларға қолайлы қала

Қысқаша

Инвесторларға қолайлы қала

Screenshot_5.jpg

Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Үкімет отырысында  Шымкент қаласының  инвестиция тартудан көш бастап тұрғанын  айтты. Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен салалық басқарма басшылары қатысты.

Министр негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5 пайызды құрағанын атап өтті. Инвестициялар білім беруде – 71,7, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 55,1, ғылым мен техникалық қызметте – 35,9, денсаулық сақтауда – 27,8, жылжымайтын мүлік операцияларында – 20,4, саудада – 13,9, құрылыс саласында 10,7 пайызға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында байқалған. 

2022 жылдың 5 айында Шымкент қаласының экономикасына 130,9 млрд. теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,6% артқан(2021 жыл қаңтар-мамыр – 96,9 млрд. теңге). Осы көрсеткішпен Шымкент елімізде инвестиция тартудан көш бастады. 

Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн.теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орындары құрылмақ. Оның ішінде 2022 жылы құны 241 млрд.теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланып отыр. 

Сонымен бірге, жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд.теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1 043 жұмыс орны құрылады. 

Жалпы шырайлы Шымкенттің  республикалық маңызы бар қала  атанғанына биыл 4-ші жыл. Шуақты шаһар 2018 жылдың 19 маусымында  Нұр-Сұлтан мен Алматыдан кейінгі үшінші мегаполиске айналды. Бұл тарихи дата «қала күні» ретінде бекітілді. 

Биылғы қала күні мерекесі «Фан-клубтар шеруімен» басталды. Шараға  қала әкімі М.Әйтеновтың қолдауымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Шымкент жастар лигасы – 2022» чемпионатының жанкүйерлері қатысып, жеңімпаздар марапатталды.  Салтанатты шара барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан жеңімпаз жанкүйерлерді құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады. «Шымкент жастар лигасы» чемпионатында 151 мектептен фан-клубтар жасақталып, спорттың 4 түрінен сайысқа түскен командаларға 2265 оқушы жанкүйер болды. Олардың ішінен оқ бойы озық шыққан 16 команда финалға жолдама алып, бесеуі жүлделі орындардан көрінді.  Мерекелік кеш  Қызғалдақ субұрқағы жанында өткен «Би Батл» фестивалімен жалғасын тапты. 

Сондай-ақ  «Қала күні» мерекесі қарсаңында «AZALA Textile» фабрикасы өндірісін кеңейтті. Өндірістік қуаттың ұлғаюына байланысты қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Фабриканың салтанатты іс-шарасына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпорынға табыс пен өркендеуді тіледі.

–Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.  Бүгін шырайлы Шымкент қаласының күні қарсаңында «Azala Textile» фабрикасының тігін өндірісінің кеңейтілуіне байланысты салтанатты іс шараға қатысып отырмыз. Осы сәтті пайдалана отырып, кәсіпорын басшысына қаламыздың экономикасының дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс білдіріп, тағы да шын жүректен құттықтаймын, -деді қала әкімі. 

«Azala Textile» ЖШС – Шымкент қаласындағы толық циклдегі жалғыз тоқыма комбинат. Тігін өндірісін кеңейту үшін фабрикаға қосымша 200 млн. теңге инвестиция құйылып, 80 жуық тігін машинасы орнатылған. 

«Оңтүстік» айрнай экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын тоқыма бұйымдары, медициналық төсек –жабдықтар мен отандық құрылыс компанияларының арнайы киімдерін өндіреді. 

Фабрикада әскери киім тігуге арналған «Берік» атымен белгілі болған мата әзірленіп, қазіргі уақытта халықаралық зияткерлік патенттеуден өтуде. Жаңадан өндірілген мата (камуфляж) сапасы жағынан Ресей елінің маталарынан кем түспейді. 

Республикалық маңызы бар қала статусын иеленген 4 жылда Шымкентте айтарлықтай өзгерістер болды. 2018 жылы тұрғындар саны бір миллион адамға жетсе, содан бері шымқалалықтар саны тағы 123 мыңға өсті. Қаланың шекарасы ұлғайып, төртінші «Қаратау» ауданы құрылды. Жақында қосымша – бесіншісін құру жоспарлануда. Аз ғана уақыт ішінде шаһардың аумағы ғана емес бюджеті де көбейді. Айталық қала бюджеті республикалық статусқа дейін, яғни 2018 жылы  141,1 миллиард  теңге болса, 2019 жылы - 243,1 миллиард теңге,  2020 жылы 453,9  млрд теңгеге артты. Ал өткен жылы  қала бюджеті 497 млрд теңгеге жетіп , оның 45  пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 25 пайызы даму жобаларына бөлінген. Яғни Шымкент қаласы мегаполис болғаннан кейінгі 3 жылда бюджет көлемі 4 есеге артқан. Ал ағымдағы жылға арналған қала бюджеті 468 миллиард  теңгені құрады. Оның 22,4% – даму бюджеті, 77,6% – ағымдағы шығындардың көлемі.