Агроөнеркәсіптік кешен-экономиканың драйвері

Қысқаша

Агроөнеркәсіптік кешен-экономиканың драйвері

Screenshot_5.jpg

Аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) – мемлекеттің экономикалық тұрғыдан дамуына үлес қосатын еліміздегі маңызды саланың бірі. Агроөнеркәсіп кешені ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және сол өнімді тұтынушыға жеткізуге қатысатын барлық шаруашылық салаларын біріктіреді.

Агроөнеркәсіптік кешеннің мақсаты – халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті ауылшаруашылық шикізаттарымен қамтамасыз ету және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Экономиканың тірегіне айналып отырған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін республикада Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» жөніндегі ұлттық жоба әзірленген.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы  жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы келесі жылы аяқталады. Мен Үкіметке бизнеспен бірлесіп, келесі бесжылдыққа арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді бастауды тапсырамын»  деген болатын. Жоба аясында ішкі нарықты 80%-дан астам деңгейде азық-түлік тауарларымен молайту және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту көзделген. Бір сөзбен айтқанда Агроөнеркәсіптік кешен-экономиканың драйвері саналады.

Қазақстанның республикалық маңызы бар қала қатарындағы  үшінші мегаполисте Президенттің тапсырмасы кезең-кезеңімен орындалып келеді. Шымкент бүгінде өзіндік агро белдеуі қалыптасқан аймақ. Осыған сәйкес қала аумағында ауыл шарушылығы кооперативтері дамып келеді. Жоғарыда аталған жобада кооперативтерді ұлғайту көзделіп, шаруаларға бірқатар жеңілдіктер ұсынылған. Айталық ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін жабдықтар мен техника құнынан 50% көлемінде инвестициялық субсидиялар, сондай-ақ кооперативтер дайындаған сүт пен етті субсидиялау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ салық заңнамасында кооперативтер үшін барлық салық бойынша 70% жеңілдік көзделген. Міне, осындай мүмкіндіктерді пайдаланып отырған шымқалалық шаруалар кооперативтерді дөңгелетіп отыр. 

Қазіргі таңда шаһарда жалпы құрылған Ауыл шаруашылығы кооперативтер саны 52 болса, олардың құрамына 27 заңды тұлғалар мен шаруашылықтар, 507 жеке қосалқы үй шаруашылықтары қосылған. Солардың бірі  Сайрам елдімекеніндегі мал бордақылау және тауарлы сүт өнімін өндірумен айналысатын «Бәйтерек Агро» АӨК. Кешеннің жалпы аумағы 300 гектар. Оның 14 гектарына қоражай орналасқан. Мұнда 1300 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы мен 200 бас сауынды сиыр бар. Кешенде кәуап, қазы секілді 10-ға жуық ет өнімін тапсырыспен жасайды. Сондай-ақ, тәулігіне 4 тоннаға дейін сүт өндіріп, құрт, сүзбе, айран тағы басқа сүт өнімдерін дайындайды. Бұдан өзге күніне 50 бас ірі қара малды союға мүмкіндігі бар.  2017 жылы жұмысын бастаған шаруа қожалықта әуелгіде  50 бас ірі қара мал болған. Жүйелі жұмысының арқасында бүгінгі күні  мұнда ірі қара мыңнан асып отыр.  Кәсіпкер ісін дөңгелетіп, халыққа күнделікті қажетті әрі сапалы  сүт өнімдерін шығарып қана қоймай, қаншама  жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.  «SILK WAY SAYRAM»  және «TURAN Agroproduct»  агроөнеркәсіп кешендері де мал шаруашылығын жүргізіп отыр.  Шаһарда нарықта өзін дәлелдеген, бәсекелестікке төтеп бере алатын кәсіпорындар да жеткілікті. «SAIRAM CUT» АӨК солардың бірі. 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған нысан бүгінде сүт өнімдерінің жиырмаға жуық түрін өндіреді. 

Ал өткен жылы мегаполисте  6 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, қала аумағындағы жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмыстарын  жандандыра түсті. Айталық  «Асия Агро», «Салиев Аскар агро», «Мейіржан агро», «NUR AGRO»  және  «Бек-Тас Шым»  агроөнеркәсіптік кешендері қаланың сүт өндірісін ұлғайтуға үлестерін қосып келеді. Аталған кооперативтерге мемлекет тарапынан субсидия беріліп, басқа да жеңілдіктер ұсынылған. 

Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бірі құс еті мен жұмыртқа. Осы ретте Шымкентте жұмыртқа мен құс етін өндіру жақсы жолға қойылған. Әсіресе қаладағы «Шымкент құс» ЖШС-нің өнімдеріне сұраныс жоғары. Жұмыртқа және бройлер етін өндіретін фермада қазіргі таңда 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  Жалпы аумағы 57,7 га құрайтын  фермада қазір 600 мыңға жуық бас құс өсірілуде. Сағатына екі мың бас, жылына 2000 тонна бройлер етін шығаратын цех Ресейдің озық технологиясымен жабдықталған. Фабрикада жұмыртқа жинау және сорттау процестері автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайды. Заман талабына сай зоотехникалық, ветеринарлық зертханаларымен қамтылған. Тауарлы жұмыртқа бағытындағы құс фермасы қуаттылығы жылына 115 млн. дана жұмыртқа және 2000 тонна бройлер құс еті етін өндіруге бағытталған.

Қаладағы ірі тауарлы жұмыртқа өндірумен айналысатын келесі  құс фермасының бірі «Тассай құс» ЖШС-і. Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабында орналасқан бұл құс фермасы қала тұрғындарын сапалы жұмыртқамен қамтып отыр. 

Алғашында ірі қара мал бордақылау кәсібімен айналысқан қожалық басшысы Шерали  Усманов 2015 жылдан бастап тауарлы жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығымен айналысуды қолға алған.

Кәсіпкер мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалана отырып жыл сайын өндірістік қуаттылығын арттыруда. Осыған сәйкес өткен жылы қосымша 15 млн.дана жұмыртқа өндіретін жаңа құс фермасын іске қосқан болатын.

Кәсіпкердің айтуынша бұнымен тоқтап қалмай, кәсібін дамытуды көздеп отыр.   Жалпы аумағы 4,9 гектарды құрайтын құс фермасында бүгінгі таңда 215 мың бас құс бар, оның ішіндегі жұмыртқалағыш тауық-138 мың басты құрайды. Жұмыртқаның сапалы әрі дәмді болып шығуы үшін шет елден арнайы құсқа арналған құрама жем дайындайтын құрал жабдықтар сатып алынған.  

Шымкентте құспен қатар балық та өсіріледі. Әсіресе соңғы жылдары қалада балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытқандар көбейген. Балық шаруашылығы перспективалы салалардың бірі.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан еді. Бұл ретте, Шымкентте аталған саланы қарқын алып келеді. Осы бағытта қала аумағында 2019 жылдан бастап жылына 200 тоннаға жуық «африкалық сом» балығын өндіретін «Алина» шаруа қожалығы жұмыс істеуде.  Онда өндірілетін балық өнімдері қаладағы мейрамханаларға және балық сататын дүкендерге үздіксіз жеткізілуде. Сондай-ақ ол жердегі 70 бассейінде қазір 500 мың клари жайынының шабақтары өсірілуде. Серіктестікте әуелі арнайы балық өсіретін инкубациялық цехтың көмегімен шабақтар жетіледі. Мамырдың соңында 2,5 гектар аумақта орналасқан жасанды көлге ауыстырылып, қазан айында саудаға шығарылады. Балықтар ішкі нарық пен көрші елдерге саудаланады.  Шаруа қожалығының иесі Данияр Рахымжанов бұл межемен тоқтап қалмай, қала аумағындағы су тоғандарды пайдалана отырып, нарықта алтынмен тең бағаланатын «бекіре» тұқымдас балық түрін асырауды жоспарлауда. Бұған қоса, балықтарға арналған құрама жем өндіру цехын құруды да көздеп отыр.

Бұдан бөлек, қаламызда балық өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша «Синяя Волна» ЖШС жылына 14 тонна, «JFM company» ЖШС 250 тоннаға дейін балық өнімдерін өңдеуде. Ал, «ККК» ШҚ 60 тоннаға дейін құс еті және мал шаруашылығы өнімдерімен қоса балықтарды ыстап өңдеу цехын іске қосқан болатын.

Бүгінде балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаулар да аз емес. 

Шымкенттік кәсіпкерлер мен шаруалар әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайтып,  еңбек өнімділігін  арттыруды жолында тынбай еңбек етіп келеді. Себебі миллионды қалаға экономика мен қатар ауылшаруашылығын дамытып, ішкі нарықты сұранысы мол өнімдермен қамтамасыз ету аса маңызды.