Ұлттық жобаның мақсаты-қолжетімді баспана

Қысқаша

Ұлттық жобаның мақсаты-қолжетімді баспана

Screenshot_4.jpg

Өңірлік теңсіздік проблемасы бүкіл әлемде бар. Мұндай жайт Қазақстанға да тән. Сондықтан да елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба әзірленген. Жобаның басты мақсаты – базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту, әлеуетті  жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру. Әрине, басында баспанасы болмаған адамның жай-күйі де болмайтыны анық. Себебі баспана әлеуметтік жағдайдың индикаторы. Сондықтан ұлттық жобаның көздегені халықты алдымен баспанамен қаматамасыз ету. 

Халық саны тығыз орналасқан еліміздің үшінші мегаполисінде баспанаға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Осыған сәйкес тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қалада тұрғын-үй құрылысы қарқынды жүргізілуде және түрлі мемлекеттік бағдарламалардың есебінен азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігі артып келеді. 

Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше өткен жылдың  қорытындысы бойынша 1012,5 шаршы метрді құрайтын 28  тұрғын үй пайдалануға тапсырылған. Оның 6-ауы арендалық, 22-сі кредиттік негізде тұрғызылған.  Сонымен қатар 440,8 мың м2 тұрғын үй азаматтар игілігіне берілді. Мегаполистегі тұрғын үй құрылымының бағыттары бойынша былтыр 1437 пәтер, оның ішінде 166-сы әлеуметтік топтарға және 371-і көп балалы отбасыларға берілген. Сонымен бірге 416 азаматқа 1 млн теңгеге дейін әлеуметтік көмек ретінде, қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаты табысталған болатын.  Ал реновация бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдар аралығында 107 тозығы жеткен үйлер қалыпқа келтірілмек. Аталған бағдарламанының іске асыру мақсаты апатты тұрғын үй қорына жол бермеу және жаңа қалалық ортаны қалыптастыру болып табылады. 

Сонымен қатар  өткен жылы үшінші мегаполисте  «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1796 адам баспанамен қамтамасыз етіліп, қоныс тойын тойлаған.  Азаматтар аталған тұрғын үйлерді Шымкент қаласы бойынша екінші дейгейлі банктер арқылы жеке құрылыс компаниялары салған пәтерлерді 7-20-25 бағытымен сатып алған. Жалпы сомасы 25,1 млрд. теңгені құрайды. Ал, 2020 жылы осы бағдарлама шеңберінде 1639 адам тұрғын үйге қол жеткізген болатын. 2020 жылмен салыстырғанда «7-20-25» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің өсімі 1,1%-ға артқаны байқалады.

Сондай-ақ, 2021 жылы «Шаңырақ» пилоттық жобасы аясында 1728 пәтерлі 27 тұрғын үй ел игілігіне  берілді. Олар «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрғандарға бөлінеді.

7-20-25 - Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған әлеуметтік бағдарлама. Бұл бағдарламаның несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі - 7 пайыз. Бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй құнының 20 пайызы және одан жоғары мөлшерінде белгіленеді. Шымкент қаласында 25 миллион теңгеге дейін тұрғын үй қарастыруға болады.

Ағымдағы жылы да баспанаға мұқтаж біраз шымкенттік пәтерлі болмақ.  Қазіргі таңда шаһарда тұрғын үй алу тізімінде түрлі санаттар бойынша 48 335 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер белгіленген тәртіппен үлестіріліп келеді. Арендалық тұрғын үйлер алдымен  көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған.

Биыл азаматтардың пайдалануына жалпы 1605 сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру жоспарлануда дейді сала мамандары. Оның ішінде: жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар-54, көпбалалы отбасылар-476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы - 218, жұмыс істейтін жастар-857. 

 Осы ретте биыл мегаполисте  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 239,2 мың шаршы метрді құрайтын 2972 пәтерлі 51 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде арендалық 20 үй (1320 пәтер), кредиттік 31 үй (1652 пәтер). Осы жылы 51 үйдің барлығын пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 41 тұрғын үйдің құрылысы Тұран шағын ауданында жүргізілсе, 10 тұрғын үйдің құрылысы әкімшілік-іскерлік орталығында жүргізілуде.

Тұранда құрылысы жүргізіліп жатқан 41 тұрғын үйдің үшеуі жазға дейін пайдалануға тапсыру жоспарланған. 1 шілдеге дейін 6 үйді пайдалануға беру жоспарда болса, қалған 32 үй жыл соңында қолданысқа беріледі деп күтілуде. 

Қазіргі таңда Тұран шағын ауданын электрмен қамту жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілуде. Ішкі жүйлерді қамту жыл соңына дейін аяқталса, жарықтандыру мен бағдаршамдар орнату 2023 жылға көзделген. Кәріз және табиғи газбен қамту жұмыстарының да кестеге сәйкес 2-кезегі жүргізілуде. Магистралды жүйелер орнатылған соң ғана ішкі жүйелер жүргізілмек. Аталған құрылыс жұмыстары қала әкімі Мұрат Әйтеновтің ұдайы назарында.   

Шымкент қаласында  биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты шеңберінде 449 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 4,4 млрд. теңге көлемінде лимит бөлініп отыр. Бұл бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген көп балалы отбасылар, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Кредит беру талаптарына сәйкес бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үйді сатып алу кезінде азаматтарға берілетін ең жоғарғы қарыз сомасы – 15 млн.теңгеден аспайды. Аталған бағыт бойынша өтінімдерді қабылдау Отбасы банкі арқылы ағымдағы жылдың 20 маусымынан бастап қабылданғалы отыр. Өткен 2021 жылы «Бақытты отбасы» бағыты арқылы бөлінген лимитке сәйкес 363 отбасы несиелік баспанамен қамтылған еді. Оның ішінде көпбалалы –173, толық емес –30, мүгедек бала асыраушы –160 отбасы бар.

   Шымқалада халықтың әлеуметтік осал тобынан бөлек жастарға да ерекше көңіл бөлінуде. Өйткені ел ертеңі жастарға қолдау көрсету – болашаққа инвестиция салғанмен тең. Осы орайда биыл шаһарда  857 пәтер жұмыс істейтін жастарға табысталмақ. Қазіргі таңда бұл тұрғын үйлерде абаттандыру және инфрақұрылымдық жүйелерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті жұмыстар аяқталған соң тұрғын үй басқармасында конкурс өтеді.  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы бойынша қалада  өткен жылы 300 жас жалдамалы баспанамен қамтылған болатын. Ал 2020 жылы аталған бағдарлама бойынша – 904 азаматқа пәтер кілті табысталып еді. Тұрғын үй-коммуаналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз берілген пәтерлер 5 жылдық мерзімге пайдалануға берілетінін атап өтейік. 

Таяуда Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева 40-қа жуық азаматты қабылдап, баспана мәселесіне қатысты түсіндіру жұмысын жүргізген болатын. Жиында басқарма басшысы президенттің тапсырмасы негізінде  қазіргі таңда тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша азаматтардан 18 сәуірден бастап  өтініштер қабылданғанын жеткізді. Нәтижесінде баспана кезегіндегі 493 азаматтың өтінімі мақұлданыпты. 

Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар қатыса алады. 

Баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен  аспауы тиіс.

Бүгінде өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба  көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылдануда. Сонымен қатар, субсидия алуға үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы тиіс. 

Баспана мәселесі бірден шешілмейтіні анық. Дегенмен талап бар жерде, межелі міндеттер де орындалады.  Баспанаға  деген мұқтаждықты жою мақсатында осылайша үшінші мегаполисте  мемлекеттік қолдаумен жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сала мамандары жыл соңына дейін қалада   жаңа пәтердің кілтіне қол жеткізгендердің қатары  артады деп отыр.