Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, былтыр қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі - Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Ағымдағы жылы жоба аясында республикада 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады деген жоспар бар.
Миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент қаласында азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне айқын басымдық беріліп келеді. Себебі шаһардың халқы жыл санап ұлғайып келеді. Осы ретте шымкенттіктерге екі қолға бір күрек табуға «Еңбек» бағдарламасы септігін тигізіп келеді. Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алған жастардан бастап, бала күтімінде отырған аналар, жұмыссыз өзге де азаматтар бағдарлама шеңберінде жұмыспен қамтылып келеді. Оның ішінде мамандығы бойынша жұмысқа тұрғандар, біліктілігін арттырып жаңа жұмыс орнын тапқандар, кәсіптік оқуды игеріп бизнес бастағандар, грант алып кәсібін кеңейткендер де бар.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекованың айтуынша, 2022 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша қаладағы жұмыссыздар саны 22 546 адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрады. Жұмыссыздар санын азайту мақсатында тұрғындар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасына тартылуда. Бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылға 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланыпты. Ал бүгінге дейін жобаға нақты 6 004 адам қатысып, жоспар 17,9 пайызға орындалып отыр.
Жұмыссыздықтың басты себептерінің бірі мамандығының сұраныста болмауы не болмаса жұмыссыз адамның мүлдем мамандығының болмауы. Қазіргі таңда үшінші мегаполистің экономикалық әлеуеті артып келеді. Қалада зауыт-фабрика, өндіріс орындары артуда. Бұл дегеніміз көптеген жұмыс орнының ашылуы және жаңа мамандықтарға деген сұранысты арттырады. Міне, осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында ұлттық жобаның кәсіби білім беру деген бағыты бар. Аталған бағыт бойынша биыл қалада 2 392 адамды оқуға жолдау жоспарланған.
Бүгінде кәсіп ашу жұмыссыздықпен күрестің басты құралына айналып отыр. Өйткені барлығына мемлекеттік мекемеден жұмыс тауып беру мүмкін емес. Әрі кәсіп ашу жұмыссыздықты азайтумен қатар қаланың экономикасының дамуына да ықпал етеді. Сол себепті кәсіп ашамын, бизнес бастаймын дейтін азаматтарға қолдау көп. Мұндай шаралар жоғарыда аталған ұлттық жобада да қарастырылған. Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша биыл қалада 3050 адамға қолдау көрсетілмек. Оның 1 900 «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту көзделген.
Жақында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде, Шымкентте өз кәсібін бастауға берілетін көлемі 400 АЕК құрайтын мемлекеттік қайтарымсыз грантқа құжат қабылдаудың бірінші легі аяқталған болатын. Комиссия құрамында қалалық мәслихатының депутаты, қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, Қаратау, Еңбекші, Абай, Әл-Фараби аудан әкімдіктерінің, қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының, Жастар ресурстық орталығы, кәсіпкерлер палатасы жанындағы "Іскер әйелдер" кеңесінің өкілдері қатысты. Конкурсқа өтініш берген 300-ден астам үміткер өздерінің бизнес жобаларын арнайы құрылған комиссияның алдында қорғап шықты.
Айта кету керек, бірінші лекке құжат қабылдау 1 сәуір күні басталып, 2019, 2020, 2021 жылдары “Атамекен” палатасының “Бастау бизнес” жобасы бойынша оқып, сертификат алған азаматтар он бес күннің ішінде busines.enbek.kz порталы арқылы тиісті құжаттарын онлайн тапсырған. Жалпы, 2022 жылы аталған грантпен бірнеше лек бойынша 1150 адамды қамту жоспарланып отыр. Өткен жылы 700-ден астам шымкенттік көлемі 200 АЕК (583 000 тг.) грантқа ие болған. Оның ішінде 200-і жастар санатындағылар. Соның бірі Абай ауданының тұрғыны Аллаберген Исаев. Жасы небәрі 26-да. Мамандығы - биотехнолог. Өз кәсібін бастағанға дейін ғылыми-зерттеу институтында келісім шартпен жұмыс істеген. Өткен жылы ол 29 жасқа дейінгі жастар санатымен мемлекеттік грантқа (583 400 тг.) өтінім беріп, нәтижесінде комиссия оның “Органикалық тыңайтқыш өндіру” тақырыбындағы бизнес жоспарын мақұлдайды. Тиісті қаражат есеп шотына түсісімен жас кәсіпкер іске кіріскен Ол 10 мыңға жуық калифорния шылаушынын, оларға қорек ретінде арнайы топырақ сатып алған. Осылайша тәуекелге бел буып, кез келген жан қызыға бермейтін ерекше кәсіпті есік алдындағы 50 шаршы метр жерде бастап кеткен.
«Шылаушын асырау арқылы топырақты тыңайтуға болады. Қызыл құрттар органикалық қалдықтарды жеп, биогумус, яғни, биологиялық тыңайтқыш жасап береді. Бұл егін шаруашылығына таптырмас дүние. Қазір тыңайтылған топырақтың бір келісін 70-80 теңгеден сатудамын», - дейді Аллаберген.
Былтыр жоба аясында 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған кезекті жан – Айнұр Төкеева. Ол бизнес жоспарына сәйкес бірнеше оргтехника сатып алып, азаматтарға түрлі бағытта қызмет көрсететін (көшірме, түптеу, басып шығару, электронды қызметтер және т.б.) шағын орталық ашқан. Бүгінде кәсібінің жемісін көріп, ұлғайтып отырған жағдайы бар. «Мұнымен тоқтап қалмақ емеспін. Осы кәсіпті кеңейтіп, бір мезетте бірнеше адамға қызмет көрсететін үлкен орталық ашқым келеді. Бастысы - ниет болу керек. Тәуекел ету, ерінбеу, іздену керек», - дейді кәсіпкер.
Ал Айдос Әбенов болса кәсіп бастауға берілетін қайтарымсыз қаржыға автокөліктерге детейлинг қызметін көрсететін құрал-жабдықтар (арнайы химиялық тазалауға арналған шаңсорғыш, құрғақ тұман, торнадор) сатып алған. Бүгін таңда ол шағын ғана бокста (гараж) көліктерге детейлинг қызметін көрсетіп, табыс тауып отыр. «Кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыдым. Сертификат алдым. Тәуекелге бел буып грантқа өтінім білдірдім. Мақұлдады. Жалпы, грант арманым болып жүрген кәсібімді бастауға көп көмегін тигізді. Өзім сияқты жастарға айтарым, кәсіп бастаңыздар. Мемлекеттің қолдауы бар», - дейді ол.
2021 жылы грантқа ие болғандардың қатарында Айдын Ниязбаева да бар. Жұмыссыз ретінде тіркелген 29 жастағы тұрғынның арманы өз кәсібін ашу болған. Бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланған ару мемлекеттік грантқа үміткер ретінде өтінім беріп, тиісті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде комиссия оның шағын баспа өнімдерін шығаруға арналған бизнес жобасын мақұлдап, көп ұзамай тиісті қаражат тағайындалған. Нәтижесінде баспа қызметіне арналған түрлі-түсті принтер мен ноутбук сатып алған. Бүгінде инстаграм арқылы тапсырыс қабылдап, визиткалар, қызметтік куәліктің жапсырмаларын, алғыс хаттар мен басқа да баспа өнімдерін шығаруда.
«Нағыз жаза – жұмысқа салу емес, нағыз жаза – жұмыссыз қалу шығар» дейді Қадыр ақын. Сондықтан қай-қайсымыз, әсіресе, жастар «жұмыс жоқ» деген сылтауды ысырып қойып, іздену керек, еңбектену қажет. Оның үстіне мемлекет жұмыссыздарға «балық орнына қармақ беретін» «Еңбек» секілді бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Ендеше, қолыңнан іс келіп тұрғанда, күш-жігерің барда қолдауды барынша пайдалан!