Мегаполис ауыл шаруашылығынан алдыңғы орында

Қысқаша

Мегаполис ауыл шаруашылығынан алдыңғы орында

Screenshot_2.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңында  Ұлттық он жобаны бекіткен болатын. Солардың бірі - Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналады. 2011-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асырғанда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту межеленіп отыр.

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешен саласына басымдық берілуі бекер емес. Өйткені жаһандану заманында азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен қатар тұрғаны шындық. Республикада агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда үшінші мегаполистің алар орны бөлек. Айта кетері, соңғы жылдары миллионнан асатын халқы бар мегаполис ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыру жағынан республикада алдыңғы орында келеді. 

Өткен жылды ойдағыдай қорытындылап, биылдыққа біраз межені жоспарлап отырған Шымкенттің ауылшаруашылық саласында айтарлықтай өзгерістер бар. Соның ішінде Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында атқарылып жатқан шаруа көп. 

Шымкент қаласының агроөнеркәсіп кешенінде былтырғы жылы жалпы құны 8,6 млрд. теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асқан.  Атап айтқанда 15 гектар жерге қарқынды алма бау, 20,7 гектарға өнеркәсіптік жылыжай кешені, тауарлы сүт фермасы, құс етін және жұмыртқа шығаруды кеңейту мен ешкі сүтін өндіру және қайта өңдеу, жеміс-көкөністі қайта өңдеу, ірімшік өндіру кәсіпорнын кеңейту, ұн өндіруді модернизациялау, мал бордақылап, ет өндіру және асыл тұқымды етті-сүтті бағыттағы ірі қара мал кешені сынды жобалар жүзеге асырылды. 

Шырайлы Шымкентте кейінгі жылдары жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қаладағы ауыл шаруашылығы бағытында кәсіп бастаушылардың көбісі осы жылыжай өсіруге сұраныс білдіреді екен. Мұндай азаматтарға мемлекет тарапынан «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жеңілдетілген несие беріледі. Үкімет тарапынан несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бар. Бұдан бөлек, шығынның 25%-ын Үкімет тарапынна өтеп беру қарастырылған. Осындай мемлекеттік қолдауларды пайдалану арқылы тұрғындарға  жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек 2018-2021 жылдары шаһарда  32 гектар өнеркәсіптік жылыжай іске қосылған. Шымқала  жылыжайлар астанасы  атануы да осыдан болса керек. Бұл — еліміз бойынша үлкен көрсеткіштердің бірі. 1 гектар жерден 10-20 тонна шамасында өнім алатын болса, жылыжайда 1 гектар жерде бір айналымда 200 тонна өнім алады. Еңбек өнімділігі 10 есе жоғары болғандықтан шаруаларға жылыжай тиімді болып тұр.  

Мегаполисте мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған өндірістік жылыжай кешендерінің бірі Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан — «Иляев» жеке кәсіпкерлігі.  Жалпы аумағы 2,2 гектарды құрайды. 2018 жылы кәсіпкер Берік Иляев кешен құрылысына «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болып, өз ісін ашты. 

Қызанақ өсірумен айналысатын жылыжай кешені түркиялық стандартқа сай келетін және жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталып қана қоймай, инновациялық жүйедегі заманауи технологиялармен қамтылған.

Жылына 600 тоннаға дейін қызанақтың «Мерлис» және «Пембе» сорттарын өндіреді. Өндірілген тауарлар азық-түлік дүкендері мен базарларында сатылып жатыр. Қазіргі таңда жылыжай кешенінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар арқасында  шаруашылық иесі ағымдағы жылы қосымша жылыжай аумағын 4 гектарға ұлғайтып отыр. Осының арқасында өнім көлемін арттыруды және  Шымкент қаласын ғана қамтып қоймай, экспортқа шығаруды көздеп отыр.

Сонымен қатар өткен жылы шаһарда  «AgroPark» ЖК жылыжай кешені іске қосылған болатын. Қаратау ауданында 5 га аумақта жүзеге асырылып жатқан жылыжай кешені жылына 1500 тонна қызанақ және қияр өндіруге қауқарлы.Бүгінде жылыжайда  70 адам жұмыспен қамтылған. Жобаға 1,5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған.  

Жылыжайлар астанасында сондай-ақ «Таза өнім», «Арман Агро», «Колесников А.В.», «Оңтүстік FOOD»,  «AltCompanyInvest»,  «Арман Групп»,  «Мажитова» ЖК, «Зәуре» ШҚ  т.б ірі  жылыжай кешендері жұмыс істеп келеді. 

Жалпы 2022-2025 жылдары Шымкентте өнеркәсіптік жылыжай кешені 60 гектарға  ұлғайту  жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 21 млрд теңгені құрайды. Барлық жылыжайлар іске қосылғаннан кейін 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болмақ. 

Шымкент – Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтарының бірі. Мегаполис орталығында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы болмаса да, қала аумағында еттік-сүттік мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының тұрақты дамуына мүмкіндік берілген.  Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі ет өнімдерін дамыту болып табылады. Осы ретте ет өнімдеріне деген сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін қалыптастыру мақсатында қалада былтыр  7 мал бордақылау алаңы ашылған. Онда жалпы 3400 бас ірі қара мал бордақыланады. Бұл жобаларға 2,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, 30 жаңа жұмыс орны құрылған.

Инвестициялық жобалардың ішінде - «Наурыз» ЖШС, «Байзаков Е» ЖК, «Абдукаримов» ЖК, «Наркулов» ЖК, «Лапиев» ЖК-да мал бордақылау алаңдары жаңадан құрылған болса, «Алтынсай» мен «Асыл-жұлдыз» шаруа қожалықтары мал бордақылау алаңдарын кеңейткен. 

Өткен жылы қала аумағында жалпы 15 мыңға жуық тонна ет өндірілгенін айта кетейік. Қазір қала аумағында 70 мың басқа жуық ірі қара бар. Мегаполисте бүгінде  мал басын асылдандыруға басымдық беріліп отыр. 

Азық-түліктің ішінде күнделікті тұтынатын сүт өнімдеріне әрдайым сұраныс жоғары. Сондықтан сұранысты өтеу мақсатында қалада сүт өндіру фермаларының саны артып келеді. Мәселен өткен жылы  сүт өндіру бағыты мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында 349 бас сауынды сиырды құрайтын үш тауарлы-сүт фермасы ашылды. Оның ішінде «Корно-1» ӨК жаңадан ашылған болса, «Эгамназаров» ЖК мен «Зертас» ШҚ сүт фермасын ұлғайтты. 

Мегаполисте жүзеге асқан бұл жобаларға жалпы құны  8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Шаруа қожалықтар Симментал мен Голштейн тұқымды сауынды сиырларды Еуропа елдерінен әкелген. Сиырлардың бұл тұқымы сүтті бағытта болғандықтан тәулігіне орташа есеппен 24 литр сүт сауылады. 

Инвестициялық жобалардың бірі - «Корно-1» ӨК былтыр  отандық асыл тұқымды сүтті-етті бағыттағы 50 бас ірі қара мал сатып алған. Шаруашылықта өндірілген сүт қала аумағындағы қайта өңдеу цехтарына өткізілуде. Алдағы уақытта, шаруашылық қуаттылығын кеңейтіп, қосымша қора жай құрылысын жүргізіп, мал басын көбейтуді жоспарлауда. Шаруашылыққа сатып алынған асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес  мемлекет таранынан 9,8 млн. теңге қолдау көрсетілген.

Ал  сүт өндіру бағытын ұлғайту мақсатында жеке кәсіпкер «Эгамназаров» Еуропа елдерінен 138 бас асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басын сатып алған (2020 жылы– 70 бас, 2021 жылы 68 бас). Өндірілген сүт «ФудМастер» ЖШС-не берілуде. Мемлекттік қолдауларды тиімді пайдалану арқасында шаруашылықтың сүт өндірудегі жылдық қуаттылығы 500 тоннадан 900 тоннаға жетті. Алдағы уақытта аталған шаруашылық қора жай құрылысын жаңартып, сүтті бағытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. 

Сонымен қатар 2019 жылы құрылған «Зертас» ШҚ асыл тұқымды сүт бағытындағы фермасын былтыр ұлғайтқан болатын. Бүгінгі таңда жалпы ірі қара мал басының саны 128-ден 342-ге жетіп, оның ішінде сүтті бағыттағы сиырлардың саны 161 басты құрап отыр. Мұнда жылына өндірілетін сүттің көлемі 1000 тоннадан асады. Шаруашылықта өндірілген сүт «ФудМастер» ЖШС-нің қайта өңдеу цехына жөнелтіледі.

Жалпы аумағы 2,2 гектарды құрайтын шаруақожалықта заманауи «Параллель» сауу қондырғысы, сүтті жинауға арналған салқындатқыш танкер секілді инновациялық теxнологиялар және сиырларды тұрақты ұстау, асыл тұқымды бұзауларды өсіру аймақтары бар. Бұдан бөлек, шаруашылық мал азығын дайындауға арналған арнайы құрылғылармен, ауыл шаруашылылық техникаларымен қамтылған.

Еліміздегі үшінші қалада алдағы уақытта да агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, осы бағыттағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасатын  болады.