Түркістан облысы Шардара аудандық әкімдік ғимаратында, аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен "Ассамблея-татулық тірегі" атты шара өткізілді. Бұл туралы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынды аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов ашып берді. Мәжіліске қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары, медиаторлар, аналар кеңесі және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов және бөлім қызметкерлері қатысты. Шарада Ассамблеяның 29-сессиясының қорытындысына шолу, аналар кеңесінің баяндамасы және медиция мүшелерінің ой-пікірлері тыңдалды.
Қ.Ілесов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ықпалымен құрылған татулық пен ынтымақты ту еткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының маңызына тоқталып негізі қағидаттарына атап өтті.
Сондай-ақ, аудандық тарихи-өлкетану музейінің жетекшісі Н.Смайлов сөз сөйлеп, еліміздегі түрлі ұлттардың шоғырлануы, оларды бір ту астына біріктіру жолындағы еңбектерге және басқа да саяси реформалардың шығу тарихына тоқталды.
Сонымен қатар, аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Жәлелқызы аналар кеңесінің атқарып отырған жұмыстарын баяндап, ұйымның мән-маңызын толықтырып өтті.
Оның ішінде нәзік жандылардың құқығын қорғау арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу және отбасындағы тұрақты психологияны қалыптастыру тақырыптарын атап өтті.
Бұдан бөлек, аудандық медиация кеңесінің төрағасы Биту Жанайдар сөз қозғап, медиаторлардың ықпалы арқылы бірнеше ауылдарда орын алған істер сотқа жетпей шешілгенін айтты.
Жиынның қорытынды сөзін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов алып, елді ынтымаққа, татулыққа бастайтын ұйымдардың болуы өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, бірнеше мәселелерге тоқталып, халықтың саяси ахуалының тұрақтылығын сақтау бағытында аянбай еңбек етуге шақырды.