Түркістан қаласының аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында бірқатар жобалар іске асырылуда. Мысалы, жаңбырлатып суару әдісін ендіруге бел буған «Ынтымақ агро XXI» ЖШС-і 782 гектар жерге бидай мен жүгері егуді қолға алған.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев серістестік тіршілігімен танысып, жас мамандармен жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды оң бағалады.
«Түркістанның айналасына каналдар қазылып, су келді. Жаңбырлатып суарудың тиімділігін түсінген шаруалардың қатары көбейгені қуантады. Аптап ыстықта ырысын қара жерден іздеген шаруалар мезгілі жеткенде бейнетінің зейнетін көреді. Осылайша біз қалада «Азық-түлік белдеуін» қалыптастырамыз. Жаппай жүргізілген «Жасыл белдеу» шаңды жел мен дауылдан қорғану үшін табиғи тосқауыл ретінде жасалуда. Жасыл желекке бөленіп, қаладағы ауаны тазартып, климатты жұмсартады», деді шаруалармен кездескен облыс әкімі.
Ал «SPK-SAURAN» АШӨК жаңбырлатып суару технологиясын 650 га жерге ендіріп, 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуды қолға алған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жергілікті шаруалар ақылдаса келе, ауыл шаруашылығы кооперативін құруда. Олар арық қазып, су әкелудің тиімсіз екенін түсініп, АҚШ-тан жаңбырлатып суару қондырғысын алдыртып жатыр. Арыс – Түркістан каналы арқылы су бірнеше жүйемен келеді. Үлкен бассейн салынып, қондырғыларға құбыр арқылы су құйылып тұрады. Осылайша агрономдар суды 3 есе үнемдейді. Техника құнының 50%-ын мемлекет субсидия ретінде төлеп береді. Кешенді жоспар бойынша қала маңында 63 млрд теңгенің 7 ірі инвестициялық жобасы жүзеге асырылады.