Мемлекетіміздің заман талаптарына сай болуы, экономикасы мен қоғамдық қарым-қатынастары дамыған елдердің санатына жетуі – тәуелсіздіктің басты мақсаты. Осы орайда елімізде көптеген игілікті істер атқарылуда. Соның бірі – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы.
Аталған бағдарлама бүгінде барлық салаға дендеп еніп жатыр. Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктер алдағы уақытта ақша айналымынан арылып, сандық жүйемен төлем жасауға көшеді. Яғни, Түркістан қаласының әрбір тұрғынында тамыз айынан бастап әлеуметтік карта пайда болады. Бұл туралы қала әкімі Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте белгілі болды. Карта арқылы қоғамдық көлікке мінуге, мектепте тегін тамаққа және басқа да төлемдер жасауға мүмкіндік бар.
Осы себепті Рашид Абатұлы әр кәсіпкерде терминал болу қажеттігін баса айтты. Аталған жүйені әлі де жан-жақты толықтырып, тамыз айына дейін толығымен аяқтауды тапсырды. Алдағы уақытта өтінім беру, картаға қалай ие болу жолдары түсіндіріледі. Ал, қала тұрғындары үшін қызмет көрсету арзан әрі тиімді болады. Сондай-ақ, бұл жүйенің оқушылар мен студенттер үшінде тиімділігі арта түспек.
Одан өзге, кәсіпкерлік нысандарды архитектуралық жарықтандыру жұмыстарын жандандыру қажеттігі де айтылды.