Сайрам Ауданы Қарабұлақ ауылы Ақсуабад-Көлкент тас жолы бойында орналасқан "Әл-Машриқ" шаруа қожалығы жүзім көшеттерін 2004 жылы отырғызған.
Аудан әкімі Ұласбек Сәдібековпен жүзім бауының басында сұқбаттасқан А.Рахматуллаев әу баста 2,6 гектар жерден 10 тонна жеміс алатын айтты.
- Салған жемістің көбі толық өсіп-өнбейтін. Көп іздендік. Байлап өсіруден осындай аспалы бауға көштік. Жерге тимеген соң жеміс салуы бірден үш есеге өсті. Соның нәтижесінде өткен жылы осы жерден 60 тонна жүзім алдық, - дейді шаруа қожасы.
Оның айтуынша, аспалы бауда өскен өткен жылғы жүзімнің ең соңғысын қоймаға сақтап, желтоқсанның 25-іне дейін сатқан. Сабағы да бүлінбеген жүзімнен келетін табыс зор.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Көпеевтің айтуынша, бұл әдіс Өзбекстан Республикасының "бақшалы-қала" атымен танылған Ферғана шаһарында ғана бар. Егер жемісті дұрыс баптауды толық меңгерсе, бір гектар жерден 80-90 тоннаға дейін өнім алуға болады.
"Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті" демекші, шаруалар егін шаруашылығын дамыту үшін субсидия алмаған болып шықты. Әр сабағын біртіндеп байлап, көп тер төгуді қажет ететін машақатын да жасырмады.