Түркістандағы Ашық аспан астындағы бассейн түркістандықтардың сүйікті орнына айналады. «Aqualand» атауы берілген бассейн қаладағы карантин режимі аяқталса, жазды бұрынғысынша көңілді өткізіп, суда шомылуға мүмкіндік береді. Инвесторлар тарапынан іске асқан демалыс орнында кафе, ресторандар жұмыс істейді. Бұл жаңа жұмыс орнының ашылуына және жұмыссыз тұрғындарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Ашық алаңда салынған жоба желілік саябақ құрамында іске асқан.
Түркістан шаһарын түлету мақсатында еліміздің әрбір облысы бір-бір нысаннан салып беруге міндеттелген болатын. Атырау облысы әкімдігі киелі Түркістан жерінде сәулет өнерінің үздігіне айналар «Ұлы дала елі» рухани орталығын салуды мойнына алған. Орталықта Қазақ хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи-заманауи залдар ашылады.
0,8 га алқапта бой көтеріп жатқан орталықтың аумағы 6200 шаршы метрді құрайды. Құрылыс қыркүйек айында аяқталуы тиіс.
Ал, «Керуен сарай» кешенінің құрылыс қарқыны талапқа сай жүргізілуде. Ежелгі Шығыс базарын еске түсіретін нысан осы жылы пайдалануға берілмек.
Жалпы жыл соңына дейін Түркістанда 70 нысан пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде 2430 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүргізілетін болады.