Алдағы уақытта Түркістан туризм ордасына айналады. Мұнда бүгінгі күні көптеген сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Отандық және шетелдік белді құрылыс компаниялары Түркістан қаласында тұрғындардың таңдауына сай, сан түрлі үлгідегі баспаналар тұрғызып жатыр.
Жыл соңына дейін Түркістанда 70 нысан пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде 2430 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүргізілетін болады.
Қаланың сәулеттік келбетіне баса мән беретін өңір басшысы Ө.Шөкеев мердігерлермен кездесу кезінде көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеуді жүктеп, жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді.
2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 40 арендалық тұрғын үй құрылысы бар. Қазіргі таңда 30 инженерлік инфрақұрылым нысандары, 88 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.
Мемлекеттік бюджет есебінен сатып алу құқығынсыз арендалық 40 көпқабатты тұрғын жайлардың құрылысы да қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін 978 пәтерлі 18 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді дамыту бағытында 7 қабатты 48, 72 және 84 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. 1452 пәтер жыл соңына дейін тапсырылады.