Замана көшінен кейін қалмай, берекесін бейнеті мен еңбегінен тауып отырған Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округінің еңбеккерлері де соңғы жылдары ілкімді істердің биігінен көрініп жүр. Ауылда жаңашыл идеялар, жаңа реформалар жалғасып жатыр. Қазіргі таңда округте 38 шағын мал бордақылау алаңдары жұмыс істеуде. Оның 2-і 2019 жылы пайдалануға берілді. Онда бір мезгілде 172 қара мал, 500 бас уақ мал, 35 бас жылқы бордақыланады. Мұнан бөлек асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша 8 шаруашылық жұмыс жасайды. Олардың ішінде ең ірілері «Қуаныш» шаруа қожалығы асыл тұқымды 1515 бас қой, 184 бас ірі қара және «Нұрислам» шаруа қожалығы шетелден әкелінген 165 бас ірі қара өсіруде. Олардың баршасында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған.
Өткен жылы мал басын көбейту және бордақылау алаңдарын ашу үшін 4 кәсіпкер 31 млн. 500 мың теңге несиелік қаржы алып, өз шаруашылықтарын 851 уақ мал және 28 ірі қара малмен толықтырса, мал басын асылдандыру мақсатында «Әділет» шаруа қожалығында 700 уақ мал қолдан ұрықтандырылды.
Ауылдық округте 65 мал қора бар. Онда негізінен уақ мал ұсталады. Оларды сумен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «жайылым жерлерді суландыру» бағдарламасы аясында 11 жаңа құдық қазылса, биылғы жылға тағы 5 жерден құдық қазу жоспарланып отыр.
Осылайша мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау шаруалардың еңбегін еселеп отыр.