Түркістан облысы Ордабасы ауданы, Шұбар ауыл округінде орналасқан «Ақ Орда» ЖШС –нің директоры Бақытжан Балтабайұлы 2019 жылдан бастап жылына бір жерден 2 рет өнім алуды қолға алған болатын.
Мәселен, ол 2019 жылы ерте көктемде голландиялық «Ривьера» картобын 40 гектар жерге егіп, әр гектарынан 240 центнерден өнім жинаған. Жыл сайын ол 100 адамды жалдамалы түрде жұмыспен қамтып отыр. Биыл диқан 33 гектар суармалы жерге картоп егіп, 1300 тонна өнім алды. Артынша, сол егістік алқапқа екінші өнім ретінде баклажан және капуста егуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, ол 100 гектар жерге бидай өнімін егу үстінде. Алдағы уақытта бидайдан жоспармен 1800 тонна өнім алатыны айтып өтті.
Егістік жерлерді тиімді пайдаланып, жылына екі өнім алу бағытында аудан бойынша жалпы 90 шаруа қожалығы айналысуда. Қазірдің өзінде жалпы 171,9 гектар егістік алқаптың нақты 189,5 гектарына бірінші дақыл егіліп қойған.
Көктемгі дала жұмыстары Ордабасы ауданында биыл жылдағыдан кешеуілдеп басталды. Десек те, елімізде ғана емес дүние жүзіндегі орын алған төтенше жағдайға байланысты және қолайсыз ауа-райы шаруаларға қолбайлау емес. Қазіргі уақытта қырда егін егу ісі қарқын алуда.
"Жеріңді баптай білсең, астықты қаптай білесің" демекші, Ордабасы ауданының диқандары да бұл іске қызу кірісіп, көктемнің бір күнін жылға азық ету жолында бар күшін салып еңбектенуде.