Әлем елдерінің үрейін туғызып, әбігерге салған covid19 короновирус індетінің тез таралуын алдын алу мақсатында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, Ордабасы ауданында қала және ауданаралық 4, ауыл аралық 18 блок-бекеттер құрылды. Бұл туралы аталған аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда блок-бекеттердегі полиция мен медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейтін бекеттерде полиция қызметкерлері мен медицина саласының мамандары әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуларын өлшеп, бәрі де тіркеуге алынып, қатаң тексерістен өтуде.
Сонымен қатар, аудан аумағында қалааралық жолаушылар тасымалдау, автобекеттердің қызметі тоқтатылып, ауыл аралық көлік қатынасы шектелді.
Блок-бекеттерден тіркеуден өткен әрбір азаматқа қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, көпшілік орындардан оқшаулану, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтап, бетперделермен жүру керектігі түсіндірілуде.
Қазіргі таңда Ордабасы ауданы бойынша короновирус індетін жұқтырған 8 адам анықталды. Олар Бадам ауыл округі Дербес ауылы, Қажымұқан және Төрткүл ауыл округтерінен шыққан.
Анықталған ауылдарда күшейтілген түрде дезинфекциялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудандағы карантинге жабылған ауылдардағы үйлердің аулаларын аудан әкімінің ұйымдастыруымен «Мал дәрігерлік қызметі» МКК - ны күн сайын химиялық өңдеу шаралары карантин аяқталғанша мақсатты түрде жүргізіледі.
Сонымен қатар, аудандағы ауыл округ тұрғындарына сақтық шараларын қатаң сақтау мақсатында түсіндіру жұмыстары күнделікті дыбыс күшейткіштер арқылы жүзеге асырылуда.