Төлеби ауданында тігілген мединалық бетперделердің саны 63 мыңнан асты. Бұл туралы аталған аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бетперделердің 48 мың данасын мектептер мен колледждердің ерікті мұғалімдері, 15 мың данасын ИЧ-167/9 мекемесіндегі жазасын өтеушілер дайындады. Әзірлеу жұмыстарын аудан әкімдігі материалдық жағынан қамтамасыз етуде.
Дайын болған бетперделер кезең-кезеңімен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарттарға, аудан көлеміндегі дәріханаларға, жалпы мекемелерге және орталық базарда тұрғындарға тегін таратылуда.
Төтенше жағдай кезінде медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін атқарылатын игі істер жалғасатын болады.
Сондай-ақ, еліміздегі барлық білім беру мекемелері қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Осыған орай Төлеби ауданында 66 мектеп сабақтарды қашықтан оқытуды бастады.
Ауданда жалпы алғанда 26585 оқушы, 2802 мұғалім бар. 1094 оқушы тікелей бейнеконференция арқылы, 25491 оқушы:
- «Балапан», «Еларна» телеарналарындағы сабақтармен;
- «Bilimland.kz», «Daryn.online.kz» білім беру платформаларын қолдану арқылы;
- Telegram, Whatsapp секілді баламалы мессенджерлермен қашықтықтан білім алуда.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына мектептердегі 630 компьютер мен ноутбук уақытша пайдалануға берілді.
Қашықтықтан оқыту жүйесі еліміздегі жағдайға байланысты оқушылардың білім алу үрдісін жалғастыруына мүмкіндік беріп отыр.