Түркістан облысында қарттар, мүгедектер және балалар үйлері жабылады

Қысқаша

Ауқымды отбасылық салтанатты іс-шаралар мен еске алу салттарын өткізуге де тыйым салынады.

сакен.jpg

Карантиндік режимді сақтамаған, медициналық ұйымға барып қаралудан бас тартқан азаматтарды бақылау күшейтіледі. Бұл туралы бүгін Түркістан облысы әкімдігі жанынан коронавирусқа қатысты арнайы құрылған штабтың ситуациялық орталығында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Өңірде Мемлекет басшысының Жарлығын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалып, төтенше жағдайда бірқатар шаралар қлоға алынған. Атап айтқанда, санитарлық қауіпсіздікті күшейту мақсатында сағат 11:00-де ашылуы тиіс киім-кешек базарлары 17:00-де жабылады. Ірі сауда орындарына базардан екі сағат көбірек қызмет көрсетуге мұрсат беріледі – 10:00 - 18:00. Дәмханалар мен мейрамханаларға келушілер саны 50 адамнан аспауы тиіс және олардың жұмыс уақыты 22:00-ге дейін шектеледі. Ал, нан және кондитерлік өнімдерді тек ораулы күйде сату міндеттеледі. 

– Ауқымды отбасылық салтанатты іс-шаралар мен еске алу салттарын өткізуге де тыйым салынады. Сауда орталықтары, кинотеатр, театр, көрме, фитнес-орталықтар мен жаттығу залдары, түнгі клубтар және адам көп жиналатын басқа да ойын-сауық орындарының қызметі тоқтатылады. Сонымен қатар, облыста мектептен тыс қосымша білім беру нысандары, аула клубтары, үйірмелер, секциялар, компьютерлік клубтар жабылады. Ал, карантиндік режимді сақтамаған, медициналық ұйымға барып қаралудан бас тартқан азаматтарды бақылау күшейтіледі. Қоғамдық орындар мен көліктерде санитарлық іс-шаралар тұрақты жүргізіледі. Барлық емдеу және медициналық-әлеуметтік мекемелер, қарттар мен мүгедектерге арналған интернаттар мен балалар үйлеріне келуге тыйым салына отырып, карантинге жабылады, – деді Сәкен Амангелдіұлы.