Түлкібас ауданында кәмелет жасына толмаған қызды қорқытып зорлап, құқығын бұзып, ар-намысын таптаған азғын сотталды. Қылмыскер енді қатаң режимде 11 жылын түрмеде өткізеді.
Елімізде жасөспірімдердің құқығын қорғауға ерекше назар аударылып отыр. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін шартты түрде соттау қолданылмайды. Сотталған адамға ешқандай жеңілдік берілмейді. Сондай-ақ, жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқартуға, процестік келісімнің талаптары орындалған кезде қылмыстық жауаптылықтан босатуға, шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға, рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату жатпайды.
2018 жылдың желтоқсан айында Түркістан облысы Түлкібас ауданында кәмелет жасқа толмаған қызды зорлау фактісі тіркелді. Онда күдікті қызға күш қолдану қатерін төндіріп, жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен. Мойнына асхана шанышқысын тақап, «анаңды пышақтап өлтіремін, түптеріңе жетемін» деп қорқытқан. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа өтті. Сот та аталған іс бойынша шешім шығарды.
Күдікті ҚР ҚК 120 бабының 3 бөлігі, 3 тармағымен кінәлі деп танылды. Оған қоса осы баппен педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналасу құқығынан 10 жыл мерзімге айыра отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.