Анасынан екі баласын айырған күдікті қамауға алынды

Қысқаша

Түркістан облысында құқық қорғаушылар анасынан екі баласын тартып алған азаматты ұста

ксен.jpg

Түркістан облысында құқық қорғаушылар анасынан екі баласын тартып алған азаматты ұстады. Бірақ, күдікті қарсылық білдіріп, тәртіп сақшысын көлігімен қағып кетті.

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің учаскелік полицейлеріне жергілікті тұрғын әйел хабарласып, азаматтық некедегі күйеуінің кәмелет жасына толмаған балаларын көрсетпей, күштеп ұстап отырғанын жеткізеді. Арызданушыға көмек көрсету үшін екі бірдей учаскелік полицей полиция майоры Мұрат Мусиров пен полиция капитаны Умирбек Сапарбаев күдіктінің үйіне қарай бағыт алады. Алайда күдікті ер азаматты полицейлер жол бойынан кездестіреді. Көлігіне екі баланы салып алған күдікті полицейлерге жөнін айтпастан, қарсылық білдіріп, оқиға орнынан қашады. Полицейлер оны тоқтатпақшы болып, соңынан қуады. Учаскелік полицейлер күдіктінің алдын орап, көлікті тоқтатпақшы болады. Сол сәтте әлгі азамат екі полицейдің бірі Умирбек Сапарбаевты көлігімен қағады да, қайта қашып кетеді.

Сондай-ақ күдіктінің көлігінде арызданушының кәмелетке толмаған екі баласы бар еді. Умирбек жарақат алғандықтан әріптесі Мұрат тағы да басқа қызметтестерін көмекке шақырады. Олар келіп, аяғынан жарақат алған Умирбекті емханаға алып кетеді де, қалған полицейлер күдіктінің соңынан қуады. Күдікті азамат тұрғылықты жерінен ұсталды. Осыдан соң полиция қызметкерлері мен арнайы мамандар екі баланы да анасына табыстады. Балалар дін аман. Қазіргі уақытта анасының қасында. Аталған жайт Мақтаарал АПБ-не ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабымен тіркеуге алынып, тергеу амалдары басталып кетті. Күдікті қамауда.

Балаларымен қауышқан ана «Алғысым шексіз. Істеріңіз алға бассын. Отбасыларыңа береке тілеймін. Ешбір бала анасынан ұзамасын, жыламасын. Рахмет сіздерге »,-деді.

Осылайша балаларымен қауышуға зар болып, полицейлерден көмек сұраған анаға дер кезінде көмекке келген сақшылар Умирбек пен Мұрат алғысқа бөленді. 

    A+
Уақыты: 2020-08-07  Айдарша: Құқық
TAG: