Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен тәртіп сақшылары есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл шараларын күшейтіп, өңірдегі барлық қала, аудандарда рейдтік шараларды жүргізіп, есірткімен айналысқан, оны сатқан және тасымалдаған құқық бұзушыларға қатысты жедел алдын алу шараларын іске асыруда. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Төлеби ауданы тұрғынының басқаруындағы "Лада Приора" маркалы автокөлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер күдікті автокөлігінің салонын тінту кезінде, өзіне тән хош иісі бар екі полиэтилен пакеттегі есірткі затын анықтады. Айғақты заттар тәркіленіп алынды.
Сот-криминалистикалық сараптамасына сәйкес, тәркіленген есірткі заты 1 келіден астам марихуана болып шықты. Аталған жайт СДТТБТ-да ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлімі "Өткізу мақсатынсыз есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен заңсыз жұмыс істеу" бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері ер адамның есірткіні аса ірі көлемде қандай мақсатпен сақтағанын анықтауда.