Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы бойынша, облыстық Полиция департаментінің жедел уәкілдері жергілікті полиция қызметімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, карантин кезінде вирустық аурулардан науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сататын дәріханалар мен азаматтарды тексеруді жүзеге асыруда. Жалпы, өңірде карантин басталғаннан бері арнайы құрылған мобильдік топтар дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың 51 фактісін анықтап, 5232 түрлі медициналық дәрі-дәрмектерді тәркіледі.
Сонымен қатар Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты карантиндік режимді сақтау бойынша шектеу шараларына қарамастан жұмыс істеген дүкен иелері мен заңсыздыққа жол берген азаматтарға қарасты жиырмадан астам заң бұзушылықты анықтады. Карантинді бұзушыларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Өз кезегінде Түркістан облысында құқық қорғау органдарымен дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарды жоғары бағамен заңсыз сату фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша іс-шараларды жалғасуда.