Қызғалдақ жұлғанның жазасы ауыр

Қысқаша

Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарын ҚР Қызыл кітабына енгізілген және жойылып кету қаупі бар жабайы қызғалдақтарды жұлмауға шақырады. Өңір табиғатына залал келтірген жағдайда тәртіп бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

кызгалд.jpg

Бәйдібек ауданында полицейлер Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлғаны үшін ер адамды ұстады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Экологиялық қылмыстардың жолын кесу бойынша жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Бәйдібек аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлері аудан орталығы көшелерінің бірінде ВАЗ автокөлігін тоқтатқан. Тәртіп сақшылары тексеру барысында аталған автокөліктің салонынан Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 6 Грейг қызғалдағын тапқан. Анықталғандай, жүргізуші, Ордабасы ауданының тұрғыны, аталған қызғалдақтарды кенттердің бірінің жанындағы далада жұлып алып, өз автокөлігіне салып алған.
Қызыл кітапқа енгізілген қызғалдақты жұлып алған күдікті Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жеткізілді. 6 қызғалдақ айғақты зат ретінде алынып, сараптама тағайындалды.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігі "сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
 Осы баптың санкциялары үш мың АЕК дейінгі мөлшерде айыппұлды немесе сол мөлшердегі түзеу жұмыстарын, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді, не мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарын ҚР Қызыл кітабына енгізілген және жойылып кету қаупі бар жабайы қызғалдақтарды жұлмауға шақырады. Өңір табиғатына залал келтірген жағдайда тәртіп бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

    A+
Уақыты: 2020-04-20  Айдарша: Құқық
TAG: