Терминал тонаушылар полициядан құтылып кете алмады

Қысқаша

Тергеу барысында ұсталғандардың тағы осындай 6 ұрлық жайтына қатысы бары анықталып, жәбірленушілерге 2 миллион теңге көлемінде залал келтіргені белгілі болды.

ленпол.jpg

Төлеби ауданында тәртіп сақшылары бірнеше дүкеннен ұрлық жасап, төлем терминалдарын бұзған топтың жолын кесті. Полиция бөліміне Леңгір қаласындағы бірнеше дүкен иелері арызданып, белгісіз тұлғалар дүкендеріне заңсыз кіру арқылы азық-түліктерімен бірге кассадағы ақшаларын да ұрлап кеткенін көрсеткен. Сондай-ақ ұрылар бірнеше төлем терминалдарын бұзып, барлық қолма-қол ақшаны жымқырған. Аталған жайттарды полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.

Күдіктілерді ұстау мақсатында аудандық Полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары қылмыс орнын мұқият тексеріп, күдіктілерден қалған іздерді алып, жақын аймақтарды аралап, куәгерлерден жауап алды. Сонымен қатар, бейнебақылау камераларын тексерді. Қабылданған шаралар нәтижесінде аудандық жедел уәкілдер дүкен ұрлығын жасаушылардың ізіне түсті. Солай жедел іс-шаралар жүргізу барысында күдікті ретінде екі жергілікті жұмыссыз тұрғынды ұстады. Тергеу барысында ұсталғандардың тағы осындай 6 ұрлық жайтына қатысы бары анықталып, жәбірленушілерге 2 миллион теңге көлемінде залал келтіргені белгілі болды.

Ағымдағы жылдың ақпан айында күдіктілер «Мерседес» автокөлігімен Леңгір қаласындағы дүкендердің біріне келген. Олар құралдарымен пластикалық терезелерді ашып, дүкенге кіріп, кассадан ақша мен азық-түлік өнімдерін ұрлаған. Содан кейін ұрылар төлем терминалын ашып, 150 мың теңгеден астам ақшаны да жымқырған. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі жарты миллион теңгеден асты.

Соңғы ұрлықтардың бірін ұрылар ағымдағы жылдың сәуір айының басында жасаған. Түнгі сағат екі шамасында күдіктілер өз автокөліктерімен аудан орталығының азық-түлік дүкенінің жанында тоқтаған. Есігін бұзу арқылы ғимараттың ішіне кіріп, тауар мен кассадан ақшаны, жинақ сандықшасынан «копилкадан» 300 мыңға жуық теңгені қолды қылған.

Қазіргі уақытта аталған жайттар Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат ретінде ұрланған заттардың бір бөлігі заңды иелеріне қайтарылды. Күдіктілер қамауға алынды. Тәртіп сақшылары күдіктілердің бұдан басқа да ұрлықтарға қатыстылығын анықтауда.

    A+
Уақыты: 2020-04-23  Айдарша: Құқық
TAG: