Мақтаралдық полицейлер елімізде жарияланған тқтенше жағдай режиміне бағынғысы келмей блок-постта тәртіп сақшысына қол көтерген азаматты қамауға алды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі хабарлады.
Мақтаарал ауданы Атакент кентіне қойылған блок-бекетте спирттік ішімдік ішіп алған жергілікті тұрғын кезекшілікте тұрған полиция қызметкерінің тыйым салынған аумаққа кіруге болмайтындығы туралы ескертпесіне құлақ аспастан көпшіліктің көзінше жария түрде, ар-намысына тиетін балағат сөздер айтып қорлаған және қызметтік міндетін атқарып тұрғанына қарамастан кеуде тұсынан қолымен ұрып-соғып, дене жарақатын салған. Аталған жайт, Мақтаарал аудандық Полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, қылмыстық Кодекстің 380-бабымен «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тұрғын қамауға алынды.
Дегенмен, өңірде Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің қарқынды жұмыс атқаруы нәтижесінде өткен жылдың үш айымен салыстырғанда биылғы жылы орын алған қылмыстар саны 18,2 пайызға азайды. Нақтылап айтқанда, қоғамдық орында жасалған құқықбұзушылықтар 25,7 пайызға, көшелерде жасалатын қылмыстар 26,2 пайызға төмендеген.
Сондықтан Түркістан облысы полицейлері азаматтарға баршаға тәртіпке бағынып, жағдай режимін бұзбауды ескертеді. Халықты сабыр сақтап, мүмкіндігінше үйде болуға шақырады.