Сайрам аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлері ақшасы бар сейфті ұрлаған Жамбыл облысының тұрғындарын ұстады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, күндіз оның үйіне белгісіз тұлғалар кіріп, ақшасы мен алтын бұйымдары бар сейфті ұрлап кеткен. Жалпы келтірілген шығынның көлемі 8 миллион теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі "Ұрлық" бойынша СДТБТ-ға тіркеліп, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді.
Ұрлықты ашу мақсатында Сайрам АПБ-ның полиция қызметкерлері қажетті іс-шаралар кешенін жүзеге асырды, соның ішінде жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден жауап алып, оқиға орнын мұқият тексеріп шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, тәртіп сақшылары бір тәулік ішінде күдікті ретінде Жамбыл облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады. Жас жігіттер өз кінәларын толық мойындады. Бүгінгі күні тергеу жұмыстары барысында белгілі болғандай, пәтер ұрлығына қатысты қалған сыбайластары анықталуда. Анықталғандай, ұрлық жасаушы төрт күдікті жәбірленушінің үйіне кіріп, сейфті ұрлап, одан кейін оны жол бойында бұзып, ішіндегі ақшаларын алып кеткен. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сейф айғақты зат ретінде алынды. Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз тұрғын үйін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Жеке мүлікке қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін терезелерге темір тор, ал сыртқы есіктерге сенімді құлыптар орнату қажет. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үйлер мен пәтерлерде күзет дабылы мен бейнебақылау камераларын орнату қажет. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.