Түркістан облысының полицейлері «Шақпақ» блокпостында жиырма тәулікте 14 мыңға жуық көлікті тексерді. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 16-наурыз және 15-сәуір күндері аралығында төтенше жағдай режимін енгізу туралы Жарлығына сәйкес, Түркістан облысының полицейлері төтенше жағдай талаптарын бұзу жайттарын анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде. Соның бір ғана мысслы – Түлкібас ауданындағы Шақпақ ауылының маңында орналасқан бақылау блок-бекетінде аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен медицина мамандарымен бірлесіп 19-31 наурыз аралығында 13 мың 941 автокөлікті тексерді. Оның 7925-і жеңіл көлік болса, 1035-і жолаушылар тасымалдайтын автомашина. Ал, 3729-і жүк көлігі. Бұлардан бөлек 35 мың 941 азаматты тексеріп, олардың деректері арнайы журналдарға енгізілді. Полицейлер барлық көліктердің құжаттарын тексеріп шығуда.
Қазірге дейін «Шақпақ» блок-бекетінде жүргізушілер мен жолаушылар арасында короновирустық инфекциямен ауыратындар дерегі анықталған жоқ. Дегенмен, бұл бағыттағы профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғастырылатын болады. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға төтенше жағдай режимін қатаң сақтауға кеңес береді және облыс тұрғындарын елдегі жағдайға жауапкершілікпен қарауға шақырады.