Полицейлер танысын таспен ұрып ақшасын тартып алған күдіктіні ұстады

Қысқаша

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға қашанда сақтықпен әрекет жасауды ескертеді.

рр.jpg

Түркістан облысы полицейлері танысын ұрып-соғып, ақшасын тартып алған күдіктіні ұстады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Сайрам АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, оны танысы ұрып-соғып, қалтасындағы ірі көлемді ақшасын алып қойғанын көрсетті. Жәбірленушінің айтуынша, оған мал алып-сатумен айналысатын танысы хабарласып, бір ауылда арзан мал шығып тұрғанын айтқан. Жәбірленуші танысының сөзіне сеніп, қолына ақшасын алып, көлігімен сағат 16:30 шамасында, әлгі танысымен жолға шығады. Содан қараңғы болған сәтте, аяғы ауырғанын айтып, көліктің артқы орындығына отырып, жәбірленушінің мойынын жіппен қылқындыра бастайды. Бірақ, жәбірленуші қарсыласып сыртқа қашып үлгереді. Алайда, танысы ойға алған арам ойын іске асыру ниетімен қуып жетіп, жәбірленушінің басын таспен ұрып, қалтасындағы мал аламын деп алып шыққан миллион теңгеге жуық ақшасын тартып алып, қашып кеткен.

Аталған жайт Сайрам АПБ-мен тіркеліп, ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылықпен» енгізілді. Аудандық полицейлер орын алған қылмыстың ашылуы үшін тез арада іске кірісіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жәбірленушінің айтуымен күдіктінің жеке-басы анықталды. Полицейлер күні-түні іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде қашып жүрген күдіктіні 2 күннен соң, қылмысын жасыру мақсатымен ауруханаға жатуға құжат жинап жүрген жерінен ұстады. Күдікті қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға қашанда сақтықпен әрекет жасауды ескертеді. Кез-келген танысыңызға сене бермеңіз. Егерде сізде де, қандай да бір мәселе туындаса, шұғыл полицияның «102» нөміріне хабар беріңіздер.

    A+
Уақыты: 2020-03-19  Айдарша: Құқық
TAG: