Үй тонаған үш жігіт ұсталды

Қысқаша

Облыс полицейлері қырағылық танытып, жеке мүлікке ұқыпты болуға кеңес береді.

ксен.jpg

Сайрам ауданында полицейлер бөтен үйге жасырынып кіріп, техникалық құрал-жабдықтар ұрлаған жігіттерді ұстады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын әйел арызданады. Ол арызында белгісіз тұлғалардың оның үйіне жасырын кіріп, бірнеше техникалық құрал жабдықтарды ұрлап кеткендігін жазады. Жәбірленушіге келтірілген залалдың жалпы сомасы 300 мың теңгеге жуық. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

  Сайрам аудандық полиция басқармасының полицейлері бөтен мүлікті жымқыру жайтын жедел ашты. Яғни іздестіру іс-шараларын жүргізіп, ұрлық жасады деген күдікпен ағайынды үш жас жергілікті тұрғынды құрықтады. Тергеу барысында күдіктілердің түнгі уақытта тұрғын үйге кіріп, қозғалтқыш, қол арба, мыстан жасалған сымдар мен қозғалтқышты жабдықтауға арналған құрылғыларды жымқырғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ұсталған үш күдікті де қолхатта. Тергеп тексеру жұмыстары аяқталып, жинақталған барлық материалдар сотқа жолданды. Айғақты заттар түгелімен тәркіленді.

Өз кезегінде, облыс полицейлері қырағылық танытып, жеке мүлікке ұқыпты болуға кеңес береді. Ол үшін әр адам өз тұрғын үйінің терезелеріне темір торларды, кіру есіктеріне сенімді құлыптарды, сондай-ақ мүмкіндігінше күзет дабылы мен домофондарды орнатқаны жөн. Сондай-ақ, үйден ұзақ уақытқа кетсеңіз, тұрғын үйіңіздің терезесі мен есігін ашық қалдырмаңыз. Егер сіз осы секілді қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда полицияның «102» телефонына хабарласыңыз.

    A+
Уақыты: 2020-03-13  Айдарша: Құқық
TAG: