Түркістан облысының полиция қызметкерлері ұрлық жасап, көлікпен қашып кеткен күдіктіні бір сағатқа жетпей ұстады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Төлеби аудандық полиция бөлімінің кезекшілігіне жергілікті тұрғын шағымданып, дүкенінен белгісіз біреудің күндізгі сағат 14:00 шамасында 2 бөтелке сыра мен құны 100 мың теңгеден астам тұратын ұялы телефонды жымқырып, көлікпен қашып кеткенін жеткізген. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізеді.
Қылмыс болған орынға аудандық полиция қызметкерлері келіп, бірден тиісті іс-шараларды жүзеге асырады. Тәртіп сақшылары куәгерлерден жауаптар алып, көшелердегі бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп шығады. Сондай-ақ, басқа да жедел іс-шараларды атқарады.
Небары бір сағат ішінде атқарылған жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, төлебилік полицейлер күдіктіні көлігі арқылы анықтап, қолға түсірді. Белгілі болғандай күдікті өз көлігімен дүкенге барып, ондағы сатушы қызбен сөзге келіп қалған. Содан соң сатушының қолындағы ұялы телефоны мен бөтелкедегі сыраларды алып, көлігіне мініп, дереу ізін суытқан.
Тәртіп сақшылары ұсталған күдіктіден айғақты зат ретінде ұялы телефонды тәркіледі. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өздерінің бағалы заттарымен қалта телефондарын көрінетін жерде қалдырмауға, үнемі түпкі қалтада сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ тұрғылықты мекен-жай мен сауда орындарында міндетті түрде бейнебақылау камераларын орнатып, терезе мен есіктерді темір торлармен бекітуді сұранады.
Егер сіз қылмыстық оқиғаның құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына қоңырау шалғаныңыз дұрыс. Сақшылар аталған жайт бойынша бағыт алып, қылмыскердің тез арада ізіне түсуіне сеп болады.